Айсәуле Бақытбек отбасындағы қайғылы жағдай туралы айтты

Танымал продюсер Баян Алагөзованың қызы, қазақстандық блогер Айсәуле Бақытбек Instagram желісіндегі парақшасында отбасындағы қайғылы жағдай туралы жазды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Айсәуле желіде қайын атасы Ербол Қайдаров өмірден өткенін хабарлап, оған жазба арнады.
"Бойымды алай-дүлей сезім билеп тұр, оны сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Сүйіктіме қарап, оның да жаны сыздап тұрғанын сеземін. Бірақ қолымнан келер қайран жоқ.
Мұндай жараны жамай алмайсың. Балаларыма қарап, олардың бұл дүниедегі ең көңілді, мейірімді, "ең жақсы дос" бола білген адамды күтіп отырғанын көремін, бірақ ол кісі енді келмейтінін білемін.
Балалар оны іссапарға кетті деп ойлайды, ал мен олардың көңіліне түсетін ең алғашқы қаяуды қалай жұмсақ жеткізсем деп аласұрып отырмын", - деп жазды Айсәуле мұңын шағып.
Айсәуле Бақытбек қайын атасы оны әркез мақтан тұтқанын және қолдағанын жазды.
"Осы сөздерді жазып отырып, "Сырласудың" жаңа санына монтаж жасап, кәсіпте табысқа жетсем де енді мені ешқашан атам мақтамайтынын түсіндім.
Әкеміз отбасымызда үнемі менің барлық сұқбатымды көріп, стористерімді оқып, тіпті ұсақ жазуын да қалт жібермеген және мені мақтан тұтатынын айтуға ешқашан ұялмаған жалғыз адам еді.
Әке, біз де сізді мақтан тұтамыз. Біздің өмірімізде болғаныңыз үшін. Сіздей адамның баласы болғанымыз үшін. Өресі биік, тәрбиелі, адал, шынайы жан едіңіз. Сізге бәрі үшін рақмет.
Мен сізді қатты жақсы көремін және өзіңіздің өмірде жоқтығыңызды қабылдауға тырысып жүргенімізді, әрі қарай өмір сүріп жатқанымызды, бұдан әрі бақытты өмір сүруге тырысып жүргенімізді көктен көріп тұрсыз деп үміттенемін, - деп жазды ол.
Желі қолданушылары блогерге көңіл айтып жатыр.
"Керемет мейірімді адам еді", "Отбасына көңіл айтамын", "Сөзіңізден шынайылық пен қайғыны байқап отырмын", "Иманды болсын", "Айсәуле, сіздің жазбаңызды оқып отырып, дене тітіркеніп кетті. Қандай қайғы. Көңіл айтамын", - деп пікір қалдырды желі қолданушылары.
Соңғы жаңалықтар





