Айтуған Ғалымов: Әйелімнің тісін сындырған жоқпын
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде блогер Айтуған Ғалымов пен оның отбасына қатысты түйткілді мәселелер жиі талқыланып жатыр. Қоғам мен оқырмандар тарапынан түрлі айыптаулар мен қауесеттердің көбейгені жасырын емес. Осы оқиғаға байланысты желі қолданушылары мен БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беру мақсатында блогер өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Айтуған Ғалымов бұл туралы НТК арнасының "Не дейді?" бағдарламасында айтты.
"Қазіргі уақытта белгілі бір қарыздарым бар. Соларды өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Барлық қаржылық мәселелерді шешкеннен кейін, Алла қаласа, елге қайтамыз деген ойымыз бар. Нақтырақ айтқанда, қазан айының 15-20-сы аралығында оралуды жоспарлап отырмыз", — деді Айтуған Ғалымов.
Желіде тараған «әйелін ұрды» деген айыптауларды блогер мойындаудан бас тартты. Ол өзіне тағылған айыптардың негізсіз екенін және қолында теріске шығаратын нақты айғақтары бар екенін алға тартты.
"Жұрт арасында айтылып жатқан сөздер мен тараған ақпараттардың барлығы — шындыққа жанаспайтын жалған сөздер. Мен адам баласына қол көтермек түгілі, біреуге қысым көрсетіп, жөнсіз тиісетін адам емеспін. Мінезі тез оталатын қызуқанды адам болуым мүмкін, бірақ ешқашан біреуге қол жұмсау деңгейіне дейін барған емеспін және бармаймын да. Ел-жұрттың алдында өз әйелімді жамандап, ыңғайсыз жағдайда қалдырғым келмейді. Бұл — тікелей эфирде тез арада жауап бере салатын жеңіл мәселе емес, екі адамның арасындағы ішкі отбасылық жағдай. Егер қазір бәрін ашып айтатын болсам, өте ұят болады. Себебі менің қолымда Сейфолла мен Ильнураға қатысты, барлық жағдайды дәлелдейтін нақты деректер мен ақпараттар тұр. Осының бәрін жария ететін болсам, еркектік арыма тиеді. Мені «соққы көрсетті» деген сөздердің барлығы — өтірік. Барлық мәселені басынан бастап айтып беруге уақыттарыңыз жете ме? Қолымдағы құжаттар жай парақ емес, нақты айғақтар. Мен елге оралған соң, өзімді ақтап алар дәлелдерді көрсетемін. Құдай бұйырса, келемін. Содан соң кез келген бағдарламаға барып, осы екі айда болған оқиғаны, Сейфолла мен Ильнураның кім екенін, бұл жағдайдың қалай басталғанын басынан аяғына дейін толықтай ашып айтып беруге дайынмын. Оған сәл уақыт беріңіздерші. Бұл — мұндай пішінде асығыс талқылайтын нәрсе емес", — деді Айтуған Ғалымов.
Блогер жеке өмірдегі түйткілдер пиар мен маркетингке айналып кетті деп қынжылыс білдірді. Қарапайым тұрмыстық жағдайларды шоуға айналдырудың дұрыс еместігін айтып, қоғамды сабырға шақырды.
"Бірақ бұл мәселенің барлығы пиар мен маркетингке айналып кетті. Ильнураның бұл салада тәжірибесі болмағандықтан, шақырған жерлерге барып, күнделікті майда-шүйде тұрмыстық нәрселердің барлығын шоуға айналдырып жіберді. Мұның бәрін ол саудасын жүргізу немесе басқа да мақсаттары үшін жасап жатыр. Бірақ отбасы мәселесін бұлай ашыққа шығаруға болмайды. Бұл әлемде жалғыз мен емеспін ажырасып жатқан, қайта отбасын құрып жатқан немесе қарызға батқан. Бұл — екінің бірінің отбасында кездесетін әдеттегі жағдай. Оны мұншалықты бүкіл ел болып талқылау — күлкілі нәрсе. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қазаққа қазақ жанашыр болудың орнына, керісінше жау болып отыр", — деді Айтуған Ғалымов.
Соңғы жаңалықтар