Дастан Мұхамедрахым: Маңғыстаудікіндей табиғат әлемде еш жерде жоқ

06.10.2026 • 21:49 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дастан Мұхамедрахым: Маңғыстаудікіндей табиғат әлемде еш жерде жоқ
139
Фото: видеодан скриншот

Танымал саяхатшы-блогер Дастан Мұхамедрахымның айтуынша, ішкі туризмнің әлеуеті жоғары болғанымен, шешімін таппаған инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік-экономикалық түйткілдер әлі де аз емес. Бүгінгі таңда отандық туризмнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп тұрған негізгі факторлардың бірі – қызмет көрсету бағасының тым жоғары болуы. Ел ішіндегі демалыс орындарының ақысы шетелдік курорттармен салыстырғанда анағұрлым қымбатқа түседі. Бұл жағдай қарапайым халықтың ел ішінде саяхаттауына үлкен кедергі келтіреді, деп хабарлайды Politico.kz.

Блогер бұл туралы "Дөпсөз" подкастында айтты. 

«Елімізде ішкі туризм әлі де толық дамыған жоқ, бұл сала енді ғана жанданып келеді. Халықтың басқа да өзекті мәселелері жетерлік. Күнделікті күйбең тіршілік, жалақыдан жалақыға дейінгі күн көріс пен әлеуметтік жағдай салдарынан адамдардың ойына «табиғатты аялайық» деген түсінік кіріп-шықпайды. Себебі демалысқа тек қаражаты бар адамдар ғана шыға алады. Екінші жағынан, Қазақстанда туризм өте қымбат. Мысалы, Шымбұлаққа шығу үшін де едәуір қаражат жұмсайсың. Алматыға келіп екі-үш күн демалғанша, соған кететін сомаға Египетке бір аптаға барып қайтуға болады. Сонымен қатар, Алакөлде үш күн демалудың құны Түркияның Анталия қаласында бес-жеті күн демалумен пара-пар», - деді Дастан Мұхамедрахым.

Туризм саласындағы баға саясаты мен келушілердің ағыны бір-бірімен тығыз байланысты құбылыс болып отыр. Елімізге келетін шетелдік саяхатшылардың төлем қабілеттілігі мен олардың экономикаға қосатын үлесі де ерекше назар аударуды талап етеді. Туристерді тарту мен бағаны қалыптастырудың ішкі механизмдері жөнінде сарапшы келесідей пайымдайды.

«Шетелде бағаны туристердің көптігімен арзандатады. Ал бізде туристер ағыны аз болғандықтан, табысқа шығу үшін бағаны қымбаттатып қояды. Былайша айтқанда, бұл мәселе халықтың менталитеті мен бағаның саясатына тікелей байланысты. Сонымен қатар, бізге Үндістаннан келетін туристер өте көп. Олар оқуға да, саяхаттауға да келеді. Бірақ олар арзан тамақ пен қызметтерді тұтынатындықтан, көп қаражат қалдырмайды. Өкінішке орай, олар біздің экономикамыз үшін қалталы, тиімді туристер қатарына жатпайды. Біз барынша төлем қабілеті жоғары туристерді тартуымыз керек. Мысалы, Араб елдерінен, Америка мен Еуропадан ақшасы бар саяхатшыларды тартуға болады», - деді Дастан Мұхамедрахым.

Соңғы уақытта еліміздің кейбір аймақтарында туризмді дамытудың жаңа бағыттары мен бірегей брендтері қалыптаса бастады. Дегенмен, инфрақұрылымды жаңартумен қатар табиғи ландшафтты және эстетикалық көркемдікті сақтап қалу өте маңызды. Саланың дамуына тұсау болып отырған басты проблемалар мен инфрақұрылымдық кемшіліктерге сарапшы былайша тоқталады.

«Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде туризм жақсы қарқын алып келеді. Бір шетелдік турист келіп түсірсе, оны көріп блогерлер, кейін басқа да саяхатшылар ағыла бастайды. Маңғыстаудың табиғаты өте ерекше, әлемде баламасы жоқ деуге болады. Ал Алматының табиғатын, мысалы, Швейцариямен салыстыруға болатын баламалары бар. Маңғыстауда теңіз жағасында қонақүйлер енді салына бастады. Жергілікті кәсіпкерлеріміз қонақүйлер мен аспалы жолдар салуды жоспарлауда. Алайда, мұндай құрылыстар табиғаттың көркін бұзбай, керісінше оны аша түсуі тиіс. Мысалы, Сауд Арабиясындағы Аль-Ула аймағында салынған отельдер шөл далаға ерекше сән беріп тұр. Сәулеті мен бассейндері айналамен өте жарасымды келеді. Бізде болса, Көлсайда пластиктен жасалған күлгін, көк түсті мүсіндер мен сапасыз катамарандарды қойып тастаған. Ал Италия немесе Швейцария көлдерінде табиғатпен үйлесетін әдемі ағаш қайықтар пайдаланылады. Қазақстанда ішкі туризмнің ақсап тұрған негізгі себептері: аумақтың өте үлкендігі, жолдардың жоқтығы немесе сапасыздығы, демалыс бағасының жоғарылығы, дәретхана сияқты қарапайым санитарлық жағдайдың жасалмауы. Тіпті қала аралық жолдарда дұрыс дәретхана табу қиын. Барының өзі ылғи жабық, істен шыққан немесе лас болып жатады. Дәретхана салған соң, оған арнайы тазалықшы мен қараушы жалдап, қызметін ақылы қылса да сапасын сақтау қажет. Себебі бұл — туризмнің ең басты әрі маңызды негіздерінің бірі», - деді Дастан Мұхамедрахым.

Войдите, чтобы оставить комментарий