Айтыскер ақын жолдасымен бірге жол апатынан көз жұмды
Астана – Қостанай тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан белгілі айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов жеткізді.
Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар Астанадан таңғы сағат 04:00 шамасында жолға шығып, қыздары Алтынайдың мектеп бітіру салтанатына асыққан. Бүгін қызы қызыл аттестат алуы тиіс болған.
«Суық хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Жалған өмір-ай, десейші! Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол апатына түсіп, жұбайы Мырзабек Қасымов екеуі де қаза тапты.
Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы сағат 9-да: "Аға, ата-анамнан айырылып қалдым", – деп хабарласты. Бүгін қызы Алтынайдың мектепті үздік бітіріп, қызыл аттестат алатын күні еді. Үлгереміз деп асықты ма екен, Астанадан таңғы сағат 4-те жолға шығып кетіпті. Атбасар мен Есілдің ортасында жол апаты болды», – деп жазды Марғұлан Оспанов.
Әріптестерінің айтуынша, Салтанат Өтелбаева ашық мінезді, мейірімді әрі парасатты жан болған. Ол ұзақ жылдар бойы Ыбырай Алтынсарин музейінде еңбек етіп, мәдени мұраны сақтау мен дәріптеуге зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен музейде көптеген ғылыми-зерттеу жобалары мен көрмелер жүзеге асырылған.
Соңғы жаңалықтар