Айзат Жұманованың өліміне себепкер болған күйеуі соңғы сөзін айтты

08.01.2026 17:22 Арман Ермеков Арман Ермеков
Айзат Жұманованың өліміне себепкер болған күйеуі соңғы сөзін айтты
0
1507

Әйелін өлтірді деп айыпталған күйеуі сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

2026 жылдың 8 қаңтар күні Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жұбайы Айзат Жұманованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған Айбар Жанболатқа қатысты сот талқылауы өз мәресіне жетті. Процесс барысында сотталушы соңғы сөзін сөйледі.

Айыпталушы өз сөзінде болған оқиғаға қатты өкінетінін жеткізіп жазасын өтеуге дайын екенін білдірді. Алайда ол тағылған айыппен толық келіспейтінін, қасақана кісі өлтіру ниеті болмағанын айтты.

«Болған жағдайға қатты өкінемін және тиісті жазамды өтеуге дайынмын. Айзаттың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Баламыздың енді жетім қалғанын түсінемін. Алайда маған тағылған «қасақана кісі өлтіру» бабымен келіспеймін. Менің оны өлтіру ниетім болған жоқ. Мен оны сүйдім және әлі де сүйемін. Құрметті сот, мен тек әділ үкім шығаруыңызды сұраймын, сондай-ақ халқымнан, өз жақындарымнан және әйелімнің отбасынан тағы да кешірім өтінемін.

Үйде мен оны жуынатын бөлмеге кіргіздім, ол сол жерде өз бетінше жуынып, үсті-басын ретке келтірді. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап кетті, мен оған ақшыл түсті трико кигізіп, ауруханаға апаруға шешім қабылдадым. Жедел жәрдемнің келуі көп уақыт алатын болғандықтан, көмек сұрап көршім Нұрсұлтанға жүгіндім. Біздің Баласаз ауылы таулы аймақта орналасқан, аудан орталығынан бізге жету үшін бір сағаттан астам уақыт кетеді.

Бұрын арамызда жанжалдар болғанымен, іс қол көтеруге дейін барған емес. Мен оған күйеулерімен ажырасқан және ішімдік ішетін құрбыларымен араласуға тыйым салатынмын. Олармен сөйлескені маған ұнамайтын, бұл туралы бірнеше рет ескерткенмін. Мен оны сүйдім, бірақ бұл жолы өзімді ұстай алмай қалдым», – деді Айбар Жанболат.

Сот отырысында марқұм Айзат Жұманованың анасы Салтанат Жұманова да сөз алды. Қара жамылған ана қызын қорғап қала алмағанына күйініп соттан күйеу баласына өмір бойына бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады.

«Мен алтын асықтай қызымды қолыңа салып бердім. Қызымның қадіріне жете алмады. Қызымды азаптап, қинап, өлтірді. Ең құрығанда бір жері болса жарайды, абайсызда деп ойлар едім. Бірақ мен бұған мүлдем келісе алмаймын», – деп мәлімдеді анасы.

Прокурор Нұржан Билибеков сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп тануды сұраған болатын. Прокурор оны орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесіне 15 жылға қамауды ұсынды. Сонымен қатар айыптаушы тарап жәбірленушілерге ең төменгі жалақының 30 есесі, яғни 117 060 теңге көлемінде өтемақы төлеуді және мемлекет пайдасына 690 329 теңгелік сот-медициналық сараптама шығындарын өндіруді міндеттеу қажет деп санайды. Келесі отырыс ертең, 9 қаңтарға белгіленген және онда түпкілікті үкім шығарылуы мүмкін.

Еске салайық қайғылы оқиға 2025 жылдың 21 маусымынан 22-сіне қараған түні Ақсу ауданының Баласаз ауылында болған еді. Отбасылық жанжал кезінде бір баланың анасы Айзат Жұманова күйеуінің соққысынан көз жұмды.

Айта кетейік тергеу барысында күдіктінің әрекеті бастапқыда «Абайсызда қазаға ұшырату» деп бағаланып іс жеңіл баппен сараланған болатын. Алайда марқұмның ата-анасы мен қоғамның табандылығы арқасында іс қайта қаралып неғұрлым ауыр бапқа ауыстырылды. Тергеу амалдары кезінде Айзат Жұманованың денесіне эксгумация жасалды. Сондай-ақ сотта жәбірленушінің соққыға жығылғаннан кейін ауруханаға жеткізілген сәтіндегі бейнежазбалар жарияланды.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий