«Бағасы ұнамаса – алмаңыздар»: Вице-министр Айдар Әбілдабеков қымбатшылықтың сырын түсіндірді

25.11.2025 11:49 Арман Ермеков
«Бағасы ұнамаса – алмаңыздар»: Вице-министр Айдар Әбілдабеков қымбатшылықтың сырын түсіндірді
0
270
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Айдар Ахметбекұлы

Қазақстандағы азық-түлік бағасы неге көршілес Ресей мен Өзбекстаннан, тіпті Еуропа елдерінен қымбат? Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Үкімет кулуарында осы сауалға жауап беріп, баға саясатына қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды NUR.KZ.

Журналистер қауымы шенеуніктен елімізде картоп пен жұмыртқа секілді отандық өнімдердің неліктен қымбат екенін сұрады. Тіпті, желіде желдей ескен Германия мен Қазақстандағы бағаны салыстырған видеоны мысалға келтірді.

Вице-министрдің пайымынша, бұл тақырыпта ұзақ-сонар философия соғуға болады. Ол ең әуелі аймақтар арасындағы баға алшақтығына назар аударды. Мәселен, қызанақ пен мандариннің отаны саналатын оңтүстік өңірлерде баға арзан, ал солтүстікке жеткенше логистика мен сақтау шығындары қосылады.

«Астананың климаты суық, мұнда өнімді сақтаудың машақаты бөлек. Оның үстіне саудагерлердің пейілі мен менталитеті де әрқалай. Оңтүстікте халық көп, сауда айналымы жылдам болғандықтан, маржаны аз қояды. Ал мұнда үстеме баға жоғары», — деп түсіндірді ведомство өкілі.

Сондай-ақ ол көрші елдермен салыстырудың қисынсыз екенін алға тартты. Шенеуніктің айтуынша, Өзбекстан етті бізден сатып алады және ол жақта ет өнімдері әлдеқайда қымбат. Ал Германиядағы арзаншылық туралы видеоны ол жалпы нарықты көрсетпейтін жекелеген жағдай деп бағалады.

Әбілдабеков мырза қарапайым халықтан алыс емес екенін дәлелдеуге тырысып, апта сайын жұбайымен бірге «Әсем» базарына барып тұратынын жеткізді. Ол ет пен тауықты, тұрмыстық химияны қай жерден алу керектігін жақсы білетінін, өзінің тұрақты сатушылары бар екенін жасырмады.

Дегенмен, әңгіме судың бағасына тірелгенде вице-министр қызық уәж айтты.

«Дүкен мен базардың санаты әртүрлі. Мәселен, бір бөтелке судың бағасы екі жерде екі түрлі болуы мүмкін. Егер бағасы көңіліңізден шықпаса, ол суды алмай-ақ қойыңыз. Басқа дүкенге барып, басқасын алыңыз. Ал қалтасы көтеретіндер қымбат супермаркеттерге бара берсін», — деп айтты Айдар Әбілдабеков.

Айта кететін жайт, вице-министр базарлыққа отбасылық бюджеттен нақты қанша қаражат жұмсайтынын сол күйі ашып айтпады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий