Балқашта алтын мен күміс те шығаратын алып мыс зауыты бой көтереді

30.07.2026 10:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Балқашта алтын мен күміс те шығаратын алып мыс зауыты бой көтереді
64
Фото: magnific.com

Қарағанды облысының Балқаш қаласында 750 млрд теңге жеке инвестиция есебінен алтын, күміс және мыс шығаратын жаңа ірі зауыт бой көтереді, деп хабарлайды Politico.kz.

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Құжатқа сәйкес Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» серіктестігі арасында арнайы инвестициялық келісім бекітілді. Кәсіпорын құрылысы 2027 жылы басталып, 2030 жылға қарай толықтай іске қосылады деп жоспарланып отыр. Заманауи технологиялармен жабдықталатын жаңа өндіріс орны жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы.

Айта кетейік, жобада негізгі өнім ретінде көрсетілген катодты мыс электр кабельдері, автомобиль бөлшектері мен құбырлар және басқа да қорытпалар жасауға қажетті басты шикізат саналады.

Ірі өндіріс орны ашылғанда өңірде 1200-ге жуық тұрақты жұмыс орны пайда болады. Инвестордың міндеттемесі бойынша зауыт іске қосылған сәтте басшылық құрамды қоса алғанда қызметкерлердің 90 пайызы тек қазақстандық мамандардан жасақталып, алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін артады. Бұған қоса кәсіпорын Қарағанды облысындағы оқу орындарында 50 студентті оқытып, даярлауды өз мойнына алып отыр.

Үкімет мәліметінше жаңа қуат көздерін іске қосу ел ішіндегі шикізат өңдеу көлемін бір жарым есеге, яғни жылына 800 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осының арқасында қосылған құны жоғары өнім экспорты 460 мың тоннадан 760 мың тоннаға дейін өспек. Жалпы биылғы жылдың алғашқы алты айында еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8 пайызға артып, осы аралықта 232 мың тонна катодты мыс өндірілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий