"Бақай" тобының әншісі: Аллергия әсерінен ән айта алмай қалдым
Танымал орындаушы, "Бақай" тобының солисі Бек Шәріп шығармашылық жолында кездескен денсаулық сақтау мәселелері, сахнадан алшақтау себептері және қазіргі музыка индустриясындағы қаржы мен сапаның маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Бек Шәріп «Кездесу» подкастында әңгімеледі.
2000 жылдардың басында орындаушыда аллергия белгілері байқала бастаған. Бастапқыда «гайморит» және «аллергия» диагноздары қойылып, отандық және шетелдік білікті мамандарға қаралғанымен, емделу курстары ұзақ уақыт бойы нәтиже бермеген. Аурудың салдары дауыс ырғағы мен орындаушылық шеберлікке кері әсер етіп, студияда дауыс жазу процесін қиындатқан.
«Менде шамамен 2005-2006 жылдары аллергия басталды. Басында мән бермеген едім, кейін мұрнымнан су тоқтамай, аға берді. ЛОР дәрігеріне барғанымда «гайморит» деді, ал басқа клиникада «аллергия» деген диагноз қойды. Бұрыннан келе жатқан тәжірибелі ЛОР-профессорға да қаралдым. Емделмеген жерім қалмады: Қытайға да бардым, шөпдәрілер мен түрлі дәрумен іштім, бірақ еш нәтиже болмады. Ән айтқанда, әсіресе күшене шырқаған кезде, мұрным бітеліп қалатын. Бір шұмақтан кейін қайырмасына жете алмай, студияға барып дауыс жазғанда тембрім өзгеріп кететін. Қатты қиналдым. Содан соң біраз уақыт демалыс алып, ән жазбай, емделіп жүрдім. Нақты емді Алматыдан таптым. Сахнаға қайта шыға алмаймын ба деген ой болды, тіпті «шаруам бітті» деп ойладым. Сөйтіп дубляжға кетіп қалдым», – дейді Бек Шәріп
Әншінің айтуынша, заманауи музыка индустриясында танымалдық пен сапалы өнімге қол жеткізу үшін айтарлықтай қаржылай инвестиция қажет.
«Танымал болу үшін бәрібір қаражат қажет. Талантың болса да, студияға барып ән жаздыру, аранжировка, дауысты өңдеу мен тазалау сияқты жұмыстардың бәріне төлеу керек. Әннің өзін және сөзін сатып аласың, өңдейсің, соңында жалпы өңдейсің», – деп айтты әнші.
Сондай-ақ ол әннің өзін және сөзін сатып алудан бастап, соңғы өңдеу кезеңдеріне дейін белгілі бір бюджетті талап ететінін жеткізді. Музыкалық өнімді ілгерілетуде визуалды контент түсіру мен оны медиа платформаларға орналастыру да қосымша шығындармен қатар жүреді.
«Дайын өнімді телеарнаға шығару да тегін емес. Ақшасыз ештеңе болмайды. Жасанды интеллектпен жұмыс істеуден де адам шаршайды. Ол құлақты шаршатып жібереді, өйткені оның дыбысы табиғи адам дауысындай болмайды. Қай кезеңде болсын, бас көтеріп шығу өте қиын. Қазір көбі «интеллект бар, TikTok бар, тез танылып кетесің» дейді, бірақ таныла алмай жүргендер де каншама. Қазақта «әннің де естісі бар, есері бар» дейді ғой, солай мағынасыз әндер де көбейіп кетті. Әншілердің де сөзді анық айтпай, әріпті жеп, мыңғырлап айтатыны өкінішті», – деп толықтырды.
Соңғы жаңалықтар