«Басшылар үлгі болуы тиіс»: Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін берді
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі әрі Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева өлімнен кейінгі донорлыққа ресми түрде келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Саясаткер бұл қадамға ағзаны ауыстырып салу мәселелеріне, ота жасаушы дәрігерлердің ерен еңбегіне және өмір мен өлім арасында күресіп жүрген науқастардың тағдырына арналған арнайы деректі фильмді тамашалағаннан кейін келген.
«Үміті үзіліп, өмір сүру үшін оттай жанып жүрген жандарға мүмкіндік беру аса маңызды. Мен саналы түрде посмерттік донорлыққа келісімімді беремін. Себебі бір адамның қабылдаған шешімі өзге біреуге өмірін жалғастыруға теңдеסсіз мүмкіндік сыйлай алады», – деді вице-премьер кинотуындының премьерасынан кейін.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл қадамды қоғам үшін үлкен серпін әрі оң үлгі деп бағалап отыр.
ҚР ДСМ Трансплантациялауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, мұндай бастамалар билік өкілдері тарапынан қолдау табуы тиіс:
«Ел басшылығының бұл бағыттағы қатысуы өте маңызды. Вице-премьеріміздің өз еркімен жасаған бұл мәлімдемесі басқа да басшыларға жол көрсетіп, көпшілік алдында посмерттік донорлықты қолдап шығуына түрткі болады деп сенеміз».
Соңғы жаңалықтар