Батыс басылымы Назарбаевтың кітабынан тек өтірік пен өзін мақтауды ғана көрген
Ұлыбританиялық беделді Financial Times басылымы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа кітабына шолу жасап, авторды жемқорлық пен Қаңтар оқиғасына қатысты шындықты жасырып қалды деп қатаң сынады, деп хабарлайды Politico.kz.
Басылым шолушысы Стефан Вагстил экс-президенттің «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» (ағыл. From Dependency to Freedom: The Birth of Modern Kazakhstan) деп аталатын мемуарына талдау жасай келе, оның бастан-аяқ өзін-өзі мақтауға құрылғанын атап өткен.
Журналистің жазуынша автор Қазақстанды энергетикалық державаға айналдырған экономикалық жетістіктерді өз атына жазғанымен, авторитаризм, оппозицияны басып-жаншу және билікті асыра пайдалану сияқты өзіне тағылатын негізгі айыптауларға ешқандай нақты жауап бермеген.
Шетелдік сарапшының назарын ерекше аударған тұс бұрынғы мемлекет басшысының биліктен кетуі мен 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын сипаттауы болды. Мақала авторы Назарбаев өзінің 2019 жылғы отставкасын алдын ала жоспарланған зейнетке шығу ретінде көрсетіп, ал 238 адамның өмірін қиған Қаңтардағы қанды наразылықты тек қылмыстық топтардың әрекетімен байланыстырғанын жазады. Сонымен қатар кітапта 2006 жылы оппозиция көшбасшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі, 16 адам қаза тапқан 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы және бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің Аустрия түрмесіндегі жұмбақ өлімі туралы бірде-бір сөз қозғалмағаны сынға алынған.
Дегенмен басылым экс-президенттің жеке өмірі мен шетелдік саясаткерлерге қатысты ашық пікірлерін де елеусіз қалдырмады. Назарбаев Кеңес Одағының соңғы басшысы Михаил Горбачев пен Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцинді қатаң сынаса, Қытай басшылары мен Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Юдің саясатын жоғары бағалаған. Оған қоса 1962 жылдан бері ресми некеде болғанына қарамастан, өзінен 40 жас кіші, бұрынғы «Қазақстан аруы» Әсел Құрманбаевамен жиырма жыл бойы бейресми қарым-қатынаста болғанын мойындауы бұл кітапты ел ішінде бестселлерге айналдырғаны айтылады.
Нұрсұлтан Назарбаев кітапта былай жазған: «Қазақстан ішінде өмір менің президент болған ұзақ жылдарымдағыдай тыныш, бейбіт әрі қалыпты жалғасып жатыр».
Шолушы экс-президенттің елдегі бүгінгі жағдай туралы жазған осы сөздерін келтіріп, бұл еңбекті шындыққа жанаспайтын кітаптың жалған қорытындысы деп бағалады.
Соңғы жаңалықтар