Баян Алагөзова: Дана Орманбаева іздеуде, кешірім сұрағанын күтіп отырмын
Продюсер Баян Алагөзова қоғам белсендісі Дана Орманбаевамен арадағы сот процестерінің жай-жапсарын айтып берді. Оның сөзінше, қарсы тарапқа қатысты бірнеше сот шешімі шығып, моралдық әрі процестік өтемақы өндірілген, деп хабарлайды Politico.kz.
Баян Алагөзова бұл туралы Аман Тасығанмен болған сұқбатта әңгімеледі.
Продюсер Дана Орманбаеваның қазіргі орналасқан жері мен сот шешімдерінің орындалу барысына тоқталды.
«Дана Орманбаеваға келсек, ол қазіргі уақытта іздеуде жүр. Оны осы уақытқа дейін неге таппағандарын білмеймін, өзі Дубайда рахаттанып өмір сүріп жатқан сияқты. Онымен де әлеуметтік желіде сөзге келгеннен пайда жоқ. Сондықтан мен оны сотқа беріп, тура сондай баптар бойынша екі сот процесін ұтып алдым. Ол маған 3-4 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеп, адвокаттар мен өзге де процестік шығындарды өтеді», – деді медиа өкілі.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі дауларды тек заңнамалық шеңберде шешудің тиімділігін атап өтіп, сот міндеттеген талаптардың орындалуын күтіп отырғанын жеткізді.
«Енді оның әлеуметтік желіде көпшілік алдында ашық кешірім сұрауын күтіп отырмын, өйткені сот оны осыған міндеттеді. Егер ол желіде кешірім сұрамаса, тағы бір сот процесі болады. Мен мұндай адамдармен тек заң әрі сот арқылы сөйлесу керектігін түсіндім. Уақытың, жүйкең мен қаржың жұмсалса да, бұл – жалғыз жол. Десе де біз өзіміздікі дұрыс екенін, ал оның қателескенін толық дәлелдедік. Мен екі сотты ұттым, біреуінде жеңілдім. Жалпы үш пе, төрт пе сот болды, нақты есімде жоқ, өйткені бұл оқиғалардың өткеніне біраз уақыт болды», – деп толықтырды ол.
Сөзін қорытындылай келе, Баян Алагөзова жауапкердің елге оралып, заң алдында жауап беруі тиіс екенін және қажет болған жағдайда қайтадан сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
«Қазіргі таңда оның елге оралуын немесе құқық қорғау органдарының оны тауып, елге алып келуін күтіп отырмын. Ол көпшілік алдында қоздырған ұлтаралық араздығы үшін заң алдында жауап беріп, әлеуметтік желіде кешірім сұрауы тиіс. Егер мұны орындамаса, оны кешірім сұратуға міндеттеу үшін қайтадан сотқа талап-арыз түсіремін. Өйткені әлеуметтік желіде бұлай тайраңдап, шектен шығуға ешкімге құқық берілмеген. Бұдан басқа мен ешкіммен соттасқан жоқпын», – деді Баян Алагөзова.
Соңғы жаңалықтар