Базарбек түскен жол апатына не себеп болды: «ҚазАвтоЖол» түсініктеме берді

22.09.2026 13:08 Әсел МҰРАТ
Базарбек түскен жол апатына не себеп болды: «ҚазАвтоЖол» түсініктеме берді
237
Фото: әлеуметтік желіден

Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек қатысқан резонансты жол апаты болған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының бұл учаскесінде малдан қорғайтын қоршау болмаған, деп хабарлайды Politico.kz.

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, қоршау бұл аумақта жол жобасында қарастырылмаған. Ал шамамен бір шақырым жерде мал мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған арнайы өткел бар.

Бұл туралы үкіметтегі брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев журналистердің сұрағына берген жауабында айтты. Одан мал иесінің не себепті тек әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны және жолдың жағдайына жауапты тұлғаларға қатысты сұрақ туындаған-туындамағаны сұралды.

Мал тасжолға қалай шыққан?

Иманашевтің айтуынша, жолдың осы бөлігінің бойында жоңышқа егілген алқаптарды қоса алғанда, егістік жерлер орналасқан. Бұл аумақта мал жаюға тыйым салынған. Сондықтан жол жобасында қоршау қарастырылмаған.

«369-шақырымда жоба бойынша мал мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған өткел қарастырылған және ол қазіргі уақытта бар. Бұл өткелдерді басқа да үй жануарларының иелері пайдаланып жүр. Алайда жолдың үстіне шығып кеткен мал дәл осы өткелді пайдаланбаған, яғни бақылаусыз қалған», – деді Дархан Иманашев.

Ол жол компаниясы тарапынан қажетті шаралар қабылданғанын атап өтіп, малдың тасжолға шығуын бақылаусыз жайылым фактісімен байланыстырды.

«ҚазАвтоЖол» басшысының мәліметінше, қазір республикалық маңызы бар автожолдардың бойында жалпы ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам қоршау орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ал жаңа жол жобаларында малдың жолға шығуына жол бермейтін қоршаулар қарастырылуда.

Жол апаты қалай болған?

Еске салайық, 16 тамызда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында жол апаты болғаны белгілі болды. Жамбыл облысының полиция департаменті Toyota көлігінің жүргізушісі, Б. есімді азаматтың жолдың жүріс бөлігінде болған ер адамды қағып кеткенін хабарлады. Зардап шеккен адам жансақтау бөліміне жатқызылған.

Кейін Бақытжан Базарбек жол апатына өзі қатысқанын растады. Алайда ол да, жұбайы да оқиғаның мән-жайын әзірге жариялай алмайтынын айтты. Бұған тараптардың ақпаратты жария етпеу туралы қолхат бергені себеп болған. Сондай-ақ экс-депутат өзі қатысқан жол апатына қатысты қауесет таратпауды сұрады.

17 қыркүйекте экс-мәжілісмен қатысқан жол апатынан зардап шеккен азаматтың ауруханадан шығарылғаны белгілі болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий