Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен ер адам 7,5 жылға сотталды

22.09.2026 12:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен ер адам 7,5 жылға сотталды
201
Фото: Бейнеден кадр

Прокуратура 8 жыл, баланың туыстары 10 жыл сұраған. Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен 56 жастағы ер адамға сот 7,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Politico.kz.

22 қыркүйекте шыққан үкім туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі хабарлады. Оның жазуынша, Шымкент прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 124-бабы (16 жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру) бойынша 8 жыл жаза сұраған.

Оқиға 28 сәуірде таңғы сағат 9 шамасында Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде болған. Іс материалдары мен бейнебақылау жазбасына сәйкес, ер адам лифтіден қызбен бірге шыққан.

Айыптау дерегінше, ол баланы ұстап, құшақтап, денесіне қол тигізіп, сүйген. Кейін өз пәтеріне қарай күштеп апаруға әрекеттенген. Қызға тәтті ұсынып, өзіне тартпақ болғаны да айтылған.

Бала оның қолынан босап, үйіне қашып үлгерген. Оқиғадан кейін анасы полицияға шағымданып, күдікті ұсталған.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот ер адамның жұмыссыз әрі ІІ топтағы мүгедектігі бар екенін ескеріп, оған айыппұл тағайындағаны хабарланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий