Bek Air қожайыны Нұрлан Жұмасұлтанов қамауға алынды
Алматыда Bek Air әуекомпаниясының іс жүзіндегі иесі Нұрлан Жұмасұлтанов ұшақ қозғалтқыштарының ұрлануына қатысты қамауға алынды.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
Журналистің мәліметінше, кәсіпкерді жауап алуға шақырып, кейін күдікті деп танып, ұстаған. Өткен аптада, 9 қыркүйекте Алматының тергеу соты оны 2 айға қамауға алуға санкция берген. Осы іс бойынша тағы бір адам үйқамаққа жіберілген.
Іс 2019 жылдың соңындағы әуе апатының өзін тергеуге қатысты емес, бірақ сол оқиғадан кейін анықталған деректермен байланысты. Козачковтың жазуынша, апатқа ұшыраған ұшақта бұған дейін ұрланған қозғалтқыштардың бірі тұрған, оны нөмірі арқылы анықтаған.
Қозғалтқыштар Алматы әуежайының аумағында сақтаулы тұрған «Фоккер-100» ұшақтарынан жоғалған. Бұл ұрлықты көрген куәгер де, бейнежазба да болмағандықтан, тергеуге ілік болар дерек апаттан кейін ғана табылған. Журналистің түсіндіруінше, біреу пайдаланудан уақытша шығарылып, сақтауға қойылған әуе кемесінен ауыр қозғалтқышты шешіп алып, Bek Air ұшағына орнатқан.
Аталған әуекомпания пайдаланған «Фоккер-100» 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Астанаға ұшуы керек болған. Алайда ұшақ жерден көтеріле алмай, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен де, салынып жатқан жеке үйге соғылған. Сол кезде 12 адам қаза тауып, кейін тағы 1 адам қайтыс болған. Бірнеше жылдан соң ұшқыштар апатқа кінәлі деп танылып, оларға қайтыс болғаннан кейін айыптау үкімі шығарылған.
Қозғалтқыштардың жоғалуына қатысты іс апат туралы іспен қатар тергелген. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұрлыққа кімнің қатысы барын бірнеше жыл бойы анықтауға тырысып, шетелге де халықаралық тергеу тапсырмаларын жолдаған.
Биыл Бас көлік прокуратурасы істі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берген. Козачковтың мәліметінше, комитет тергеушілері қозғалтқыштың Bek Air ұшағынан табылуына сүйеніп, ұрлыққа әуекомпания иелерінің немесе басшыларының қатысы болуы мүмкін деген тұжырымға келген.
Журналист Жұмасұлтановқа Қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-бөлігі бойынша аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік тағылғанын жазды. Бұл бапта мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Соңғы жаңалықтар