Әйел мен төрт баласын бензин құйып өртеген ер адам өмір бойына сотталды
Өзбекстанның Қашқадария облысында әйел мен оның төрт кәмелетке толмаған баласына бензин құйып, өртеп жіберген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Аса ауыр қылмыс салдарынан екі бала қаза тапқан болатын. Сот шешімімен айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға Гузар ауданында орын алған. Сот материалдарына сәйкес, С.Т. есімді ер адам әйелдің үйіне келіп, арада жанжал шыққан. Содан соң ол өзімен бірге алып келген бес литрлік пластик ыдыстағы бензинді анасы мен оның төрт баласының үстіне шашып, өрт қойған. Үйде болған жәбірленушілердің қорғануға мүмкіндігі болмаған.
Өрттен 6 жасар ұл бала мен 11 жасар қыз бала ауыр күйік шалып, дәрігерлердің араша түскеніне қарамастан ауруханада көз жұмды. Әйел мен қалған екі баланың өмірін аман сақтап қалу мүмкін болды.
Сот процесі кезінде жәбірленуші ана кінәліге ең ауыр жаза тағайындауды талап етті:
«Екі баламды енді ешкім қайтара алмайды. Егер оған жеңіл жаза берілсе, мұндай қылмыстар көбейеді. Ең ауыр жаза тағайындауыңызды сұраймын», — деді ол.
Қамашы аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты сотталушыны Қылмыстық кодекстің ауырлататын мән-жайлар кезінде қасақана адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу және мүлікті қауіпті тәсілмен қасақана жою немесе бүлдіру баптары бойынша кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Соңғы жаңалықтар