Бекболат Тілеухан: Саясатта көп әйел алғаныңды айту — суицид жасаумен тең

12.08.2026 13:55 Томирис САҒЫНДЫҚ
Бекболат Тілеухан: Саясатта көп әйел алғаныңды айту — суицид жасаумен тең
94
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан өзінің жеке өмірі, діни көзқарасы мен мінез-құлқына қатысты пікір білдірді. Ол көпәйелділікке қатысты ұстанымы, саяси имидж және қоғамдағы әйелдердің ықпалы туралы ой қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұқбатында айтты.

«Мен саясаткер емеспін. Саясаткер ешқашан көп әйелі бар екенін елге жария қылмайды. Полигамды неке екенін айту – саяси өз-өзіне қол жұмсаумен тең. Өйткені қазіргі қазақ қоғамында ғана емес, бүкіл әлемде әйелдердің ықпалы өте күшті. Әйелдердің ең жанына бататын нәрсе – көпәйелділік. Әйелдер ықпал етіп тұрған қоғамда, талай азамат өз әйелінің алдында бүгежіктеп, әйелінің сөзімен өмір сүріп жатқан кезде, көп әйел алған адамның саясатпен айналысып, жақсы имидж қалыптастыруы өте қиын. Мен оған қараған жоқпын. Атақ қуып, елге сүйкімді көрініп көтерілейінші деген ой болса, жасырар едім, бірақ жасырған жоқпын. Туған балаңнан қашып жүрсең, жігіттікке өлім ғой. Балам ба, таптырдым ба – жауапкершілікті мойныма алдым. Иә, қиын, үй ішіңе жексұрын боласың. Тек Аллаға жексұрын болмасаң болды», – деді Бекболат Тілеухан.

Сонымен бірге экс-депутат өзінің ұстанатын өмірлік позициясы мен діни құндылықтарына да тоқталып өтті.

«Мен – Құдайдың құлымын, Мұхаммедтің үмбетімін. Мұсылман екенімді мақтан тұтамын, қуанамын әрі бақыттымын. Құдайдың берген ризығы мен абыройын адам баласы тартып ала алмайды. Ең бастысы – Аллаға адал болу, өзіңе, туған-тұсқаныңа, еліңе адал болу. Ұлтыңның, туысқаныңның, көршіңнің алдындағы міндетіңді орындау – адал болу деген сөз. Менің өмірлік позициям осы», – деді қоғам қайраткері.

Сондай-ақ ол өз мінезіндегі турашылдық пен эмоцияға берілгіштігінің салдары туралы ашық айтты.

«Иә, кейде эмоцияға беріліп айтатыным бар. Біреу мені жамандайды екен, біреу маған ренжиді екен деп, ішімде тұрған нәрсені сақтағым келмейді. Бұл ол адамға да жақсы: айналып келіп арқасынан пышақ сұққанша, бетіне айт. Оған да жақсылық жасайсың. Эмоциямнан үнемі таяқ жеймін. Тек таяқ жеймін. Эмоциядан ешқашан пайда көрген емеспін», – деді Бекболат Тілеухан.

Войдите, чтобы оставить комментарий