Бектенов Астанадағы жаңа онкологиялық орталықты тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығының қызметін тексерді, деп хабарлайды POLITICO саяси-әлеуметтік порталы.
Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусының жарақтандырылуын көрді. Бұл орталық бүгінде Қазақстандағы радиациялық онкология бойынша көшбасшы болып саналады. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен ота, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау жұмыстары жүзеге асырылады.
Пациенттер үшін барлық онкологиялық көмек Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі және Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру аясында толығымен тегін көрсетіледі. Бұл мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Соңғы 3 жылда онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі, инфрақұрылым мен заманауи жабдықтарды қоса есептегенде, 6 есеге ұлғайған.

ҰҒОО-ның басты ерекшелігі – мұнда аймақ үшін бірегей саналатын технологиялардың тоғысуы. Орталықта Орталық Азиядағы жалғыз Varian компаниясының ProBeam 360 жүйесімен жабдықталған Протонды терапия орталығы жұмыс істейді. Мұндай озық қондырғылар бүгінде әлемнің тек 24 елінде ғана бар.
Бұл терапия сау тіндерге түсетін негативті әсерді 60-70%-ға дейін төмендетеді. Сондықтан ол әсіресе балалардың ми мен жұлын бойындағы, көру құрылымдарындағы және басқа да күрделі жерлердегі ісіктерді емдеуге аса тиімді. Орталық жылына шетелдік пациенттерді қоса алғанда, 1 мыңға дейін адамды қабылдауға қауқарлы, бұл еліміздің медициналық туризм әлеуетін де арттырады.
Бұған қоса, орталықта жасанды интеллектіге негізделген EDGE және ETHOS жүйелері жұмыс істейді. Жасанды интеллект күн сайын пациенттің ағзасындағы өзгерістерге сәйкес емдеу жоспарын түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, заманауи желілік үдеткіштер анестезиясыз және отасыз-ақ метастаздарды радиацияның жоғары дозасымен "күйдіруге" мүмкіндік береді, одан кейін пациент бірден қалыпты өміріне орала алады.
Премьер-министрге орталықтың өз базасында обырды ерте сатыда диагностикалауға және емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісінің толық циклін игеру жұмыстары таныстырылды. Бүгінде «18-фтордезоксиглюкоза (18F-FDG)» препаратының өндірісі жолға қойылған. Таяу уақытта тағы 13 препарат шығару жоспарлануда, олардың бір бөлігі елімізде алғаш рет синтезделмек.
Радионуклидтік терапия бөлімшесінде қалқанша безінің қатерлі ісігін емдеу үшін йод-131 препараты қолданылады. Биылғы 5 айда мұнда 80 адам емделсе, бөлімшенің жылдық қуаты 300-ден астам науқасты құрайды.

Олжас Бектенов бұл бағытты одан әрі дамытуды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында осындай қосымша палаталар ашып, 6 өңірлік орталықты біріктірген желі құруда.
Сапар барысында Олжас Бектенов Nazarbayev University-дің жаңа Биомедициналық зерттеу орталығына да барды. Мұндағы басты ерекшелік – биология және фармакология саласында ғылыми зерттеулер жүргізетін виварий. Технологиялық жарақтандыру деңгейі және халықаралық биоқауіпсіздік стандарттары бойынша бұл нысанның аймақта баламасы жоқ. Орталық қазір AAALAC International аккредитациясын алу үстінде. Бұл қазақстандық ғалымдарға отандық дәрі-дәрмектер өндірісі үшін зерттеулердің сапалы жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік береді.
Премьер-министрге бірқатар бірегей отандық жоба таныстырылды:
- ALEM құрылғысы: University Medical Center басқарма төрағасы, доктор Юрий Пя донорлық органдарды адам ағзасына барынша ұқсас жағдайда консервациялауға және ұзақ мерзім тасымалдауға арналған инновациялық құрылғыны көрсетті. Бұл технология елдегі трансплантология тиімділігін едәуір арттырмақ.
- Аймақтық фармацевтикалық орталық: National Laboratory Astana бас директоры, профессор Дос Сарбасов клиникаға дейінгі сынақтар мен жаңа дәрілік препараттарды әзірлеуге маманданатын R&D орталығын құру жоспарымен бөлісті.
- Отандық обырға қарсы препарат: Ғалымдар қазіргі уақытта отандық обырға қарсы препаратты сынаудың жаңа кезеңіне дайындалып жатыр. Жоспар бойынша, 2026 жылдан бастап бұл препарат агрессивті ісіктермен күресу үшін стандартты химиотерапияға дейін қолданыла бастайды.
Олжас Бектенов салалық министрліктерге ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, озық отандық әзірлемелерді іс жүзіне асыру үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар