Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығынан ірі инвестициялық жобаларды жеделдетуді талап етті

30.06.2026 21:22 Қарақат АСЫЛОВА
Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығынан ірі инвестициялық жобаларды жеделдетуді талап етті
55
Фото: Үкімет

Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесін өткізіп, президент тапсырмаларын орындау үшін барлық ресурсты жұмылдыруды талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиын барысында премьер-министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсім мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты міндеттерін жедел орындау маңызды екенін қадап айтты.

«Еліміздің инфрақұрылымдық қаңқасын нығайту жолында қор маңызды рөлге ие, сондықтан барлық жауапты органдар мен компаниялар өз ресурстарын барынша жұмылдырып, ауқымды жұмысқа дереу кірісуі қажет», – деді Олжас Бектенов.

Кеңес отырысында негізгі өндірістік көрсеткіштерді талқылаған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов соңғы үш жылда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 35-тен астам инвестициялық жобаның аяқталғанын баяндады. Оның сөзіне қарағанда, осы уақыт аралығында жаңа энергетикалық нысандар іске қосылып, мұнай-газ инфрақұрылымы жаңғыртылған және халықты ауыз сумен әрі табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толықтай жүзеге асқан.

Биыл қор құны тағы да 3,3 трлн теңгені құрайтын 16 жобаны мәресіне жеткізуді жоспарлап отыр, олардың қатарында «Мойынты – Қызылжар» мен «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы, Қашағандағы газ өңдеу зауыты және Алматыдағы ЖЭО-2 сияқты маңызды нысандар бар. Ал цифрлық трансформация аясында Қосшы қаласында деректерді өңдеу орталығы мен Каспий теңізінің түбімен тартылатын байланыс желісі салынып, алдағы қазан айында қордың есептеу қуатын төрт есе арттыратын жаңа суперкомпьютерлік кластер іске қосылмақ.

Биылғы 2026 жылдың басынан бері он ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталғаны белгілі болды. Олардың қатарында Атырау облысындағы бутадиен мен полиэтилен өндіруге арналған инфрақұрылымдар, Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтары және Жамбыл, Павлодар, Қарағанды облыстарында салынатын қуатты жел электр стансалары бар. Бұдан бөлек Семей мен Өскемендегі жылу электр орталықтарын жаңғырту және оңтүстік өңірлерде электр энергиясын есептейтін ақылды аспаптарды енгізу жұмыстары қолға алынған.

Бұған қоса жиында қордың ұзақмерзімді бағдарламасы қаралды, яғни алдағы 2027-2029 жылдары жалпы құны 21 трлн теңге болатын тағы 36 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Отырысты қорытындылаған үкімет басшысы қор жетекшілеріне барлық жобалардың уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алуды және құрылыс барысында отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша арттыруды тапсырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий