Бектенов Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға министрліктерге уақыт берді
Премьер-министр Олжас Бектенов күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиында экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық саясаттың негізгі бағыттары, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, инвестициялық қызмет және салаларды дамыту мәселелері қаралды.
Жиын қорытындысында Бектенов Президент айқындап берген міндеттердің барлығы халық пен бизнеске нақты пайда әкелуді көздейтінін және олардың іс жүзінде орындалуы қажет екенін атап өтті.
Министрліктер мен ведомстволарға бір айдан бастап жыл соңына дейін тапсырмаларды орындаудың нақты мерзімдері белгіленді:
- Қаржы министрлігіне орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп осы жылдың 1 мамырына дейін бюджеттік бағдарламаларға жан-жақты тексеру жүргізу тапсырылды.
- Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың тамыз айының соңына дейін түрлі салаларда цифрлық теңгені көбейту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
- Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп, жыл соңына дейін заңнамаға маркетплейстер, интернет-агрегаторлар мен екінші деңгейдегі банктерге салық агенттерінің мәртебесі мен функцияларын беру бөлігінде өзгерістер енгізуі қажет.
- Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп осы жылдың 1 маусымына дейін ШОБ субъектілерін жоспардан тыс тексеру тетігін қайта қарайды.
- Өнеркәсіп және Қаржы министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп барлық тіркеу рәсімдерін аяқтап, осы жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін іске қоссын.
- Инвестициялық саясат бойынша 2030 жылға дейін негізгі капиталға инвестициялар бойынша нысаналы индикаторларды әзірлеу жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ басым жобалар пулын қалыптастыру және бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктер үшін KPI бекіту қажет. СІМ Kazakh Invest-пен бірлесіп Kazakhstan Investment House арқылы ірі инвесторлармен жұмысты және өзара іс-қимылды, келісімдердің орындалуына және цифрлық платформада инвестициядан кейінгі қадағалау шаралары күшейтіледі.
- Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде 2030 жылға дейінгі қаржыландыру көздері бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту жөнінде нақтыланған нысаналы индикаторларды әзірлеуі, жеке салымдар үлесін едәуір ұлғайтуы керек.
- Сыртқы істер министрлігі пайдалануға берілген жобалардың инвестициядан кейінгі мониторингі регламентін әзірлеуі қажет. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада тиісті модульді енгізуді жеделдету тапсырылды.
- Цифрландыру бойынша деректерді басқару инфрақұрылымын қолдану тәсілдерін әзірлеу тапсырылды. Одан бөлек KazLLM-ді практикада пайдалануды кеңейту, Aitu мессенджерінің функционалын жақсарту және тасқын су мен өрт қаупі жоғары кезеңдерді болжау жөніндегі жұмысты жандандыру үшін Tasqyn және Talsim жүйелерін интеграциялау бойынша міндеттер қойылды.
- Жасанды интеллект министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, 1 қазанға дейін Цифрландыруды қаржыландыру қорын толыққанды іске қосуды қамтамасыз етуі қажет.
- Жасанды интеллект, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері бір ай ішінде бизнес саласында цифрлық шешімдерді белсенді енгізуді ынталандыру жөнінде шаралар әзірлеуі керек.
- Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 10 күн мерзімде ақпараттық жүйелерді «QazTech» платформасына көшіру жоспарын бекітсін.
- Нақты секторда энергетика, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, көлік және АӨК-тегі негізгі инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы аяқтауға баса назар аударылды. Сондай-ақ, логистиканы цифрландыру қарқынын арттыру, көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша міндеттер қойылды. Ішкі нарықты отандық өнімдермен толтыру, ветеринариялық қадағалауды күшейту, кооперацияны дамыту және цифрлық құралдар арқылы мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыра түсу қажеттілігі атап өтілді.
- Энергетика және Жасанды интеллект министрліктері осы жылдың соңына дейін Энергетика министрлігі жанынан құрылған Ахуалдық талдау орталығының базасында Қазақстанның бірыңғай энергожүйесінің онлайн-мониторингін енгізсін. 2027 жылдың соңына дейін, мерзімдерін өзгертпей, Батыс аймақты Біртұтас энергетикалық жүйемен біріктіріп, Оңтүстік аймақты күшейту керек.
- 20 ақпанда Үкіметке Көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоспардың жобасы енгізілсін. «Самұрық-Қазына» қоры Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО-ны, «Алматы стансалары» энергетикалық жобаларын белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз етсін.
- Өнеркәсіп, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі екі ай мерзімде полимерлік өнімді одан әрі қайта бөлуді ұйымдастыру үшін отандық бизнесті қолдау тетіктерін әзірлесін.
- Өнеркәсіп және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бір ай мерзімде шикізатты терең өңдеуді дамыту және терең өңделген өнім экспортын ұлғайту үшін жаңа экономикалық ынталандырулар жөнінде ұсыныстар енгізсін.
- Өнеркәсіп, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер бір ай мерзімде Үкіметке заңнамалық түзетулер пакетін қоса алғанда, арнайы экономикалық аймақтарды трансформациялау жөнінде келісілген ұсыныстар енгізсін.
- Көлік министрлігі ҚТЖ-мен бірлесіп жыл соңына дейін «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал», теміржол жобаларын іске қосуды қамтамасыз етіп, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғыртуды аяқтауы қажет. Келесі жылдың соңына дейін – «Бақты – Аягөз» учаскесі пайдалануға берілсін. ҚТЖ – биыл кемінде 40 млн тонна көлемінде жүк транзиті жөніндегі жоспарды қамтамасыз етуі тиіс. Осы жылдың соңына дейін теміржол желісі операторының жүк вагондарын беру процесін толық цифрландыру қажет.
- Көлік министрлігі – «Қарағанды – Жезқазған», «Орталық – Батыс», «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожол жобаларын жүзеге асыру, Қызылорда, Сарыағаш және Рудный қалаларында айналма жолдар салу рәсімдерін жеделдетсін. Биыл «Қарағанды – Жезқазған» жобасы бойынша құрылыс жұмыстарын бастасын, келесі жылдың соңына дейін шекарадағы 33 автомобиль өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтауды қамтамасыз етсін.
- Көлік министрлігі – осы жылдың соңына дейін барлық мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграциялауды қамтамасыз ете отырып, Smart Cargo цифрлық платформасын өнеркәсіптік пайдалануға енгізсін.
- Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрліктері бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп бір ай мерзімде қолданыстағы тәсілдерді қайта қарап, ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен қамту және экспорттық әлеуетті нығайту жөніндегі жүйелі шараларды әзірлесін. Өндірістен дайын өнімді сатуға дейінгі тиімді әрі ашық тізбекті құрсын.
- Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті жерлерде және шекарада бақылауды күшейте отырып, ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етсін. Осы жылдың 15 сәуіріне дейін Үкіметке ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарының жобасы енгізілсін.
- Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп осы жылдың 1 маусымына дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы тиісті заң жобасын әзірлесін және Үкіметке енгізсін.
- Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін мемлекеттік қолдау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін субсидия алушылардың тиісті талаптарды орындауын қадағалауға мүмкіндік беретін АӨК саласындағы ақпараттық жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етсін.
- Премьер-министр білім беру мен денсаулық сақтаудағы жүйелі мәселелерді, оның ішінде цифрландыру және шығыстардың ашықтығын арттыру арқылы шешу міндеттерін қойды. Кадр даярлау, медициналық ақпараттық жүйені цифрландыру, үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыруға, сондай-ақ «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне әлеуметтік көмектің түрлі нысандарын біріктіруге ерекше назар аударылды.
- Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері Қаржы министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде білім берудің барлық деңгейінде бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке ұсыныстар енгізуі қажет.
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, 1 сәуірге қарай Кәсіптерді трансформациялаудың ұлттық орталығын құруы керек.
- Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктері биылғы 1 сәуірге дейін Медициналық деректердің бірыңғай қоймасын енгізуді аяқтасын. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша тапсырма берілді.
- Қаржы министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін цифрландыруы қажет.
- Еңбек министрлігі осы жылдың 1 наурызына дейін Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, үй шаруашылықтары үшін цифрлық әлеуметтік профильдер қалыптастыру, сондай-ақ Бірыңғай цифрлық платформа арқылы әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз етуі тиіс.
- Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жыл соңына дейін әлеуметтік қолдаудың түрлі нысандарын «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз етсін.
«Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Тағы да қайталап айтамын, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Соңғы жаңалықтар