Бектенов жол құрылысы мен вокзалдарды жөндеудің баяулығын қатаң сынға алды

13.04.2026 13:41 Арман Ермеков
Бектенов жол құрылысы мен вокзалдарды жөндеудің баяулығын қатаң сынға алды
82
Фото: Үкімет

Үкімет басшысы Олжас Бектенов транзит пен көлік саласын дамытуға арналған жиында жауапты басшыларды баяу жұмысы үшін сөгіп, бірқатар шұғыл тапсырма берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министр өткізген жиында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қазақстан темір жолы компаниясының басшысы Талғат Алдыбергенов есеп берді. Ресми мәлімет бойынша 2025 жылы көлік және қойма саласының жалпы өнімі 12,2 трлн теңгеге жеткен. Биылғы алғашқы 3 айда бұл көрсеткіш тағы 12,8 пайызға өсті. Өткен жылы ел ішінде көлікпен 353 млн тонна жүк тасымалданды. Сондай-ақ Қалбатау-Майқапшағай, Талдықорған-Өскемен, Атырау-Астрахан және Қарағанды-Алматы бағыттарындағы 2 мың шақырымды құрайтын 4 ірі жол жобасы аяқталды. Қазір Ақтөбе-Қызылорда, Бейнеу-Сексеуіл, Орталық-Батыс, Қарағанды-Жезқазған және Сарыағаш айналма жолдары салынып жатыр. Жалпы алғанда жол жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымды қамтиды.

Еуразиялық экономикалық одақ шекарасындағы 37 автокөлік өткізу пункті 2027 жылға қарай толық жаңғыртылуы тиіс. Өткен жылы оның 2 учаскесінде жұмыс біткен. Алайда Олжас Бектенов бұл бекеттердегі құрылыстың өте баяу жүріп жатқанын айтып, жұмыс қарқынын тездетуді және операциялық процестерді жеделдетуді тапсырды.

Жиында теміржол мәселесі де қаралды. Өткен жылы теміржол арқылы транзиттік тасымал 33 млн тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Бұл жалпы көлемнің 10 пайызын құрайды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында да өсім байқалып, жүк көлемі 14 пайызға артып, 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін жетті. Оның ішінде контейнерлік тасымал 6 пайызға ұлғайған.

Қазір Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, жеткізу уақытын қысқарту және Алтынкөл-Поти немесе Батуми бағытында өтпелі тарифтер енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Әзербайжан мен Грузиядағы серіктестермен цифрлық жүйелер біріктірілуде. Жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырым теміржолда Мойынты-Қызылжар және Бақты-Аягөз желілері салынып, Алтынкөл-Жетіген, Шалқар-Бейнеу, Бейнеу-Маңғыстау учаскелері жаңғыртылып жатыр. Осы тұста үкімет басшысы Бақты-Аягөз желісінің құрылысына назар аударып, ондағы жұмыс күші мен техниканың жетіспейтінін ескертті. Ол жобаға кедергі келтіріп отырған осы олқылықты жою үшін шұғыл шара қабылдауды міндеттеді. Сонымен қатар ол теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының сылбырлығын сынға алып, биыл барлық құрылысты аяқтауды талап етті. Жүк тасымалына серпін беру үшін шекарадағы түйісу пункттерінің өткізу қабілетін жылына 100 млн тоннаға дейін кеңейту жоспарланған.

Теңіз инфрақұрылымын дамыту аясында биыл Ақтау портының түбі 1,3 млн текше метрге дейін тереңдетіледі. Олжас Бектенов Ақтау-Баку бағытына арналған 6 контейнер тасығыш кемені сатып алу процесінің созылып кеткенін айтып, жаңа көліктерді тез арада іске қосуды жүктеді.

Азаматтық авиация саласында 2025 жылы 20,8 млн жолаушы тасымалданып, әуежайлар 31,8 млн адамға қызмет көрсеткен. Оның ішінде Астана әуежайынан 9,2 млн, Алматыдан 12 млн адам ұшқан. 2028 жылға дейін 11 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оған 4 жаңа әуежай, 2 ұшу жолағын салу және 5 қаладағы инфрақұрылымды жаңғырту кіреді. Биыл 30 елге қатынайтын бағыттар санын 135-ке дейін көбейту жоспарда бар. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы 115 маршрут болған.

Қабылданған шаралардың арқасында елімізде ұшақ жанармайының 1 тоннасы шамамен 800 долларға дейін арзандады. Бұл Өзбекстанның Centrum Air, Арменияның Shiraq Avia, Нидерландтың Martinair, Ұлыбританияның One Air, АҚШ-тың Atlas Air және Түркияның MNG Airlines сияқты шетелдік компанияларының Қазақстанға келуіне жол ашты. Сондай-ақ KTZ Air Cargo жүк компаниясының бағыттарын дамыту көзделген. Осы орайда үкімет басшысы шағын авиация ұшақтарын сатып алуда кемшіліктер бар екенін айтып, оларды қаржыландыру тетігін шешуді тапсырды.

Қазір Қазақстан 42 елмен көлік қатынасын орнатқан. Шетелдік рұқсат бланкілерін беру 2022 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсіп, оның 70 пайызы электронды форматқа көшкен. CarGoRuqsat жүйесі енгізіліп, Қытаймен шексіз алмасу басталды. Ал 2026 жылдың наурызында Түркі мемлекеттерімен e-Permit және халықаралық тасымалдарға арналған e-CMR пилоттық жобалары іске қосылды. Олжас Бектенов халықаралық серіктестермен цифрлық форматқа көшу жұмыстарын одан әрі жалғастыру керегін ескертті.

«Президент транзит біздің еліміздің басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі екенін әрдайым айтып келеді. Дегенмен, тапсырмалардың орындалуына сын-ескертпелер бар, толық қамту мен жеделдік жетіспейді. Мен динамиканы тікелей өзім қадағалайтын боламын. Біздің міндетіміз жұмыстың барлық бағыттары бойынша күш жұмылдыру», деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін үкімет басшысы Алматыдағы 2 және 3 жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстарының бәсеңдегенін естіп, жауапты тұлғаларға құрылыс алаңына барып тексеруді жүктеген болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий