Бестеректегі қайғылы оқиға: кінәлі жүргізушіге сот үкім кесті
Абай облысында балалардың өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот Бестерек ауылында алты бала зардап шеккен қайғылы оқиға бойынша 55 жастағы ер адамды жол қозғалысы ережелерін бұзып, бірнеше адамның өліміне себепкер болғаны үшін кінәлі деп таныды. Үкімге сәйкес, ол жалпы режимдегі колонияда 9 жылға бас бостандығынан айырылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы жағдай 2025 жылғы 19 тамызда болған. Көлік қозғалысы кезінде жүргізушінің эпилепсия ұстамасы ұстап, басқарудан шыққан автокөлік аулада ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Апат салдарынан төрт кәмелетке толмаған бала қаза тауып, тағы екі бала түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Тергеу барысында жүргізушінің эпилепсия диагнозымен медициналық есепте тұрғаны және оның көлік жүргізуге заң жүзінде құқығы болмағаны анықталды. Соған қарамастан, ол 2020 жылы медициналық комиссиядан өтіп, жүргізуші куәлігін қайта алған. Ал туыстары бұған дейін оның денсаулығында тек жеңіл құрысулар ғана болғанын айтып, ауыр ұстамалар болмағанын алға тартқан.
Қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін өңірге дәрігерлер жіберілді. Сондай-ақ, жергілікті билік қаза тапқан балалардың отбасыларына материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар