«Бет-аузы көгерген»: Өскеменде қаза тапқан сарбаздың туыстары оның өзін-өзі атқанына сенбейді
Өскеменде құрлық әскерінде борышын өтеген Қазбек Оспанов қарауылда өз-өзіне оқ атып қаза тапқан. Бірақ сарбаздың туыстары ресми мәліметке сенбейді, деп хабарлайды Politico.kz31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 20 жастағы жігіт жақындарынан жиі ақша сұраған екен. Көзі шығып, бет-аузының көк ала қойдай көгергені де ата-анасының көңіліне күдік ұялатыпты. Сондықтан қара жамылған отбасы тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлілердің жазаға тартылғанын талап етеді.
Үш айдан кейін аман-есен келеді деп күткен ұлдары күні кеше табытпен оралды. Етегі жасқа толған анасы перзентінің өзін-өзі атып өлтіргеніне сенбейді. Айтуынша, 20 жастағы жігіт әскерге кеткелі жақындарынан жиі ақша сұраған. Қарыздың бәрін келген соң қайтарамын деп уәде берді деп отыр.
«Балам қиналып кетті. Мен білмеймін. Бірақ, сыныптастарынан, алдында істеп кеткен жұмысшыларынан барлығынан ақша сұрапты балам байғұс. Менің жағдайымды ойлап, маған ешнәрсе айтпапты. Баламды тауып берсін баламды. Балам қыршындай кетті ғой. Күнде звондап ақша сұрапты. Ақша бер. Ақша бер деп. Менің балам қысымға түскен», - дейді марқұмның анасы Майра Оспанова.
Марқұмның туыстары Қазбек Оспанов Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен бармаған еді дейді. Көзі нашар көретін жас жігітті былтыр қыркүйекте алып кетіп, денсаулығының кінәраты барын біліп жібере салған екен. Ал сәуір айында күзетші болып тұрған жерінен неге екені белгісіз қайтадан күштеп әкетті дейді жақындары. Ал Қорғаныс министрлігі сарбаз Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауылда тұрған кезде өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атқан деп отыр.
«Әскери қызметші әскерге өткен жылы сәуір айында шақырылған болатын. Аталған жайт бойынша ҚР Ішкі Істер министрлігі өңірлік тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда», - деді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев.
Жас жігіт үйдегі бес баланың кенжесі екен. Марқұмның ағайын-туысы қарауылдағы камерада сарбаздың басына оқ атқан сәті жоқ дейді. Қала берді сот-медицина сараптамасында бас ми жарақатынан ажал құшқаны жазылғанымен мөр қойылмаған екен. Түсініксіз тұстардың көп болуы қара жамылған отбасының көңіліне күдік ұялатыпты.
Соңғы жаңалықтар