"Бетім көгермесін деп иығымды тостым". Тележүргізуші экс күйеуі туралы айтты

09.10.2026 • 19:35 Томирис САҒЫНДЫҚ
170
Фото: instagram.com/perizat_alpys

Әнші, актриса, "Таңғы студио" жүргізушісі Перизат Алпыс бұрынғы күйеуінің өзіне қол жұмсағанын айтты. Сондай-ақ, ол алимент төлеуді тоқтатқан, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы актриса "Әңгіме бар" подкастында әңгімеледі.

"Оның мені үнемі ұра беретінін және ойын автоматтарына тәуелділігін қоймайтынын анық түсіндім. Ол қол көтерген кезде мен... Енді өзім телеарнада жұмыс істегендіктен, бетімнің көгергенін кадрға түсіруге мүлдем болмайтын еді. Содан мен әрқашан бетімді қолыммен тасалап, қорғауға тырысатынмын. Ал ол болса менің мына қолымнан, дәл осы тұстан ұра беретін. Соның салдарынан осы қолым үнемі көгеріп жүретін. Түсірілімге баратын кезде, тіпті ең ыстық күндердің өзінде жеңі ұзын киімдер киюіме тура келді", — деді Перизат Алпыс.

Сондай-ақ, ол бұрынғы күйеуінің әлі күнге дейін түзелмегенін тілге тиек етті.

"Кейіннен оны өзгертуге менің шамам да, қауқарым да жетпейтінін ұқтым. Жалпы, мұндай адамды түзету мүмкін бе, әлде жоқ па, оны өзім де білмеймін. Қазіргі уақытта оның өмірі қалай болып жатқанын егжей-тегжейлі айтқым келмейді, бірақ естуімше, анда-санда әлі де сондай әрекеттерге баратын көрінеді", — деді тележүргізуші.

Перизат Алпыстың айтуынша, көп уақытқа дейін экс күйеуінен алимент талап етпеген. 

"Ұлымыз үшін мен басында одан ешқандай алимент сұраған жоқпын. Тек екінші рет тұрмысқа шығатын кезде, бала алты жасқа толғанда ғана алимент өндіру туралы арыз жаздым. Оған дейінгі уақытта ештеңе талап етпеген едім. Содан бастап ол алимент төлей бастады. Алғашқыда төлеп жүргенімен, кейіннен арасында үзілістер болып, бір екі-үш жылдай мүлдем төлемей қойды. Оның себебін сұрастырғанымда, жағдайының қатты мәз емес екенін естідім. Қазір ол қайтадан үйленген, үш баласы бар. Оның материалдық жағдайының нашар екенін білгендіктен, мен де қатты қысым жасап, талап еткім келмейді. Өзі білсін: төлей алса төлесін, мүмкіндігі болмаса төлемей-ақ қойсын", — деді Перизат Алпыс.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий