Бірнеше рет оқ атылған: Алматыда иттер панасының негізін қалаушы өлтірілген боп шықты
Алматыда «Твардовский дом» атты иттер панасының негізін қалаушы Владимир Тепляков оқ жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Өлім туралы медициналық куәлікте оның қазасына кісі өлтіру себеп болғаны көрсетілген. Ал сот-медициналық сараптама марқұмның денесінде оқ жарақаттары болғанын растаған.
Жануарларды қорғаушылардың айтуынша, Тепляковқа бірнеше рет оқ атылған. Оның ішінде желке тұсына тиген оқ жарақаты да бар.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен марқұмның өліміне қатысы болуы мүмкін адамдар туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Владимир Тепляков «Твардовский дом» иттер панасын құрған. Басылымның мәліметінше, ол қайтыс болғаннан кейін шамамен 90 ит тиісті қоршаусыз, қажетті жағдайлар мен тұрақты күтімсіз қалған.
Пана марқұмның Ильяс есімді асыранды ұлының құрметіне аталған. Ол Твардовский деген бүркеншік есіммен танылған. Ильяс ветеринариялық кабинеті бар ірі жануарлар орталығын ашуды армандағанымен, 21 жасында қайтыс болған.
Осы қайғылы оқиғадан кейін Владимир Тепляков жалақысы жоғары жұмысын тастап, жануарларға қамқорлық жасауға бел буған.
Кейбір мәліметтерге сәйкес, қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын ол жануарларды қорғаушы Арсен Кабденовтің иттерге жаңа иелер іздеу туралы ұсынысын қабылдаған. Алайда бұл жоспарды жүзеге асырып үлгермеді.
Қазір пананы мекендеген ондаған иттің әрі қарайғы тағдыры белгісіз болып отыр.
Соңғы жаңалықтар