"Билік өкіліне күш қолданған": Танымал спортшы түрмеге түсті

07.12.2025 12:58 Айсұлу Мұрат
0
196
ҰОК. Суретте: Дәулет Шабанбай

Павлодар облысында еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатысты қылмыстық іс сотта қаралмақ. Танымал спортшыға билік өкілдеріне күш қолданды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ

«Сот кабинеті» жариялаған материалдарға сәйкес, Дәулет Шабанбайға ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап – екі немесе одан да көп билік өкіліне күш қолдану дерегіне қатысты.

Сот спортшыны Павлодар қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі межрайондық сотқа этаптап, басты тыңдауға қатыстыру туралы шешім шығарды. Аталған бап бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетсек, 42 жастағы Дәулет Шабанбай – Қазақстан еркін күрес тарихындағы танымал есімдердің бірі. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері (медальді 2022 жылы екі қарсыласы допингпен ұсталғаннан кейін алған), Азия чемпионаттарының төрт дүркін қола және күміс жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Дәулет Шабанбай спорттық мансабын 2019 жылы аяқтаған. Сол жылы ол Қазақстан чемпионатында екінші орын алған еді.

«Сот кабинетінің» мәліметінше, спортшы 2018 жылы да қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Ол кезде Федерация нұсқаушысы қызметін атқарған Дәулет Шабанбай LADA көлігімен жолда келе жатып Audi-80 автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан 51 жастағы әйел көз жұмған.

Сот үкімінде көрсетілгендей, Шабанбай кінәсін мойындап, жәбірленуші отбасыға материалдық өтемақы төлеген соң, оған 2 жылға шартты жаза тағайындалып, 5 жыл мерзімге жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылды.

Қазіргі іс бойынша тыңдаулар алдағы уақытта өтеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий