"Бір жылда үш тоқал алған": Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің әйелі сұмдық дерек айтты
Өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық әйелі ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы Ұлыс жобасына көлемді сұхбат берген, деп хабарлайды Politico.kz
Журналист Самал Ибраеваның айтуынша, бұл әңгіме жеке өмірді әшкерелеуге бағытталған кезекті подкаст емес, керісінше, елді шамамен 30 жыл басқарған Назарбаевтар әулетінің моральдық бейнесін, психологиялық портретін және құндылықтар жүйесін ашып көрсететін мазмұнды сұхбат болған.
Сұхбатта айтылған деректерге сәйкес, Қайрат Сатыбалды бір жылдың ішінде қатарынан үш әйел алған. Сондай-ақ Асылжан Есенқызына үйленуіне сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы болғаны айтылады. Осыған байланысты «отбасылық кеңес» құрылып, Сатыбалдының әйелдеріне қатысты мәселелер арнайы талқыланған.
Самал Ибраева бұл жағдайды сол кезеңдегі елдің әлеуметтік ахуалымен салыстырып, халық күнкөріс қамымен базар жағалап жүрген тұста, билік басындағы әулеттің тұрмыстық әрі жеке мәселелермен әлек болғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының белгілі бір кезеңде ұлттық қауіпсіздік саласына жауапты қызмет атқарғанын еске салды.
Журналистің жазуынша, бүгінде Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық жары Асылжан науқас қызымен бірге жалғыз қалған. Сұхбат барысында ол жүкті кезінде азаматтық некедегі күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін, кейін көліктері мен дүние-мүлкінен айырылғанын, ал қазір жалғыз баспанасынан да айырылып қалу қаупі бар екенін айтқан.
«Қазақстанның Назарбаевтар әулетінің 30 жылдық билігінен кейін экономикалық әрі моральдық тоқырауға ұшырауының себептерін осындай оқиғалардан-ақ аңғаруға болады. Ең алаңдататыны - Сатыбалдының айналасындағы адамдардың оны “егер монархия орнаса, елді сіз басқаруыңыз керек” деп үгіттегені. Бізді Құдай сақтап қалған шығар…» — деп жазды Самал Ибраева.
Соңғы жаңалықтар