Болат Назарбаевтың өгей ұлы АҚШ-тағы зәулім үйді небәрі 10 долларға иеленді

05.07.2026 17:26 Қарақат АСЫЛОВА
Болат Назарбаевтың өгей ұлы АҚШ-тағы зәулім үйді небәрі 10 долларға иеленді
582

АҚШ-тың Нью-Джерси штатында орналасқан ең қымбат тұрғын үйлердің бірі Данияр Кесікбаевтың атына небәрі 10 долларға рәсімделгені белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Шетелдік ақпарат көздерінің мәліметінше, Альпайн қалашығындағы сәнді сарай 2025 жылдың наурыз айында символикалық бағаға меншік иесін ауыстырған. Бұған дейін бұл жылжымайтын мүлік 34 миллион долларға сатылымға шығарылса, қазіргі салықтық бағасы 35,5 миллион долларға жеткен.

Бұл нысан алғаш рет 2012 жылы 20 миллион долларға сатылған. Сол кезде мәміле анонимді компания арқылы жасалғаны айтылып, оның Кесікбаевпен байланысы болғаны жөнінде мәліметтер тараған. Сарапшылар бұл кезеңде АҚШ-тағы қымбат жылжымайтын мүлікке Қазақстан мен Малайзиядан шығарылған қаржы салынған болуы мүмкін деген болжам келтіреді.

Зәулім үйдің жалпы аумағы шамамен 1 600 шаршы метрді құрайды. Онда тоғыз жатын бөлме, жеке кинотеатр, боулинг залы, баскетбол алаңы, кітапхана, шарап сақтайтын жертөле, лифт, тұзды су бассейні және бірнеше демалыс аймағы бар. Үй орналасқан жер телімінің көлемі үш гектардан асады.

Данияр Кесікбаев – Майра Құрманғалиеваның ұлы және марқұм Болат Назарбаевтың өгей баласы. Сонымен қатар ол Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың қызына үйленген. Разак 1MDB мемлекеттік инвестициялық қоры төңірегіндегі ірі жемқорлық және ақшаны заңдастыру ісі бойынша сотталып, бас бостандығынан айырылған.

Айта кетейік, Кесікбаев бұған дейін де Нью-Йорктегі әйгілі The Plaza Hotel кешенінен құны 20 миллион доллар болатын пәтерді небәрі 1 долларға алғаны туралы ақпарат жарияланған еді.

Сондай-ақ 2012 жылы Болат Назарбаев бұрынғы жұбайы Майра Құрманғалиева мен Данияр Кесікбаевқа қарсы талап-арыз беріп, олардың 100 миллион доллардан астам активті иемденгенін мәлімдеген. Кейін бұл дау соттан тыс келісіммен аяқталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий