"Бөлек мемлекетпіз бе?": Әкімнің сөзін бөлген депутат мандатынан айырылды

17.04.2026 09:45 Арман Ермеков
524
Коллаж Politico.kz

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дамир Ташқараев өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзін бөлгені үшін заңсыз түрде мандатынан және Amanat партиясынан айырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Бұл туралы 16 сәуірде Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Экс-депутаттың айтуынша мәслихат отырысы кезінде ол облыс басшысының сөзін бөліп, нақты сұраққа көшуді сұраған. Ол Тараз қаласына жаңадан қосылған ауылдарда жеке тұрғын үй салуға рұқсат беру мәселесін көтерген. Бірақ бұл сауалға облыс әкімі емес, қала басшысы жауап беріп, кейін әріптестері оның әрекетін хайп деп бағалаған.

Адвокат Ербол Қанафиннің сөзінше Дамир Ташқараевты партиядан шығару кезінде мәслихат төрағасы Нұрәлиев пен депутат Фарида Жүнісова жиынға қатыспаған. Олар отырысты теледидар мен ғаламтордан көріп, бұрынғы әріптестерінің әрекетіне бюро тарапынан баға беруді талап еткен. Заңгердің айтуынша экс-депутатты жазалауға қызметтік хатта көрсетілген басқа уәждер емес, дәл осы әкімге қойылған сұрақ себеп болған.

Биыл 28 наурызда Amanat партиясының Жамбыл облыстық филиалы Ташқараевқа ватсап арқылы хат жолдаған. Онда мәслихат сессиясында регламент талаптарын сақтамағаны туралы жазылған.

Алайда бұрынғы депутат бұл айыптаулармен келіспейді. Оған Шақорық ауылындағы Жайлы мектеп құрылысының тоқтап қалуы және дөрекілік көрсетті деген айыптар тағылған. Бірақ Ташқараев мектеп құрылысы Үкімет қаулысы мен Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен тоқтатылғанын, ал дөрекілігіне ешқандай дәлел жоқ екенін жеткізді.

Енді ол басқару жүйесіндегі келеңсіздіктерді қоғамға ашық айтып, мандаты мен партияға мүшелігін қайтарып алмақшы.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттың депутаттың дәрежесін көтеру туралы бірнеше рет айтты. Сонда біз, Жамбыл облысы, бөлек мемлекетпіз бе? Президенттің, Amanat партиясының саясатына қарсы жұмыс істеп жатырмыз ба?», - деді Дамир Ташқараев.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий