БҚО-да екі әйелді көлікпен қағып қашқан жүргізуші ұсталды

10.09.2026 11:01 Қарақат АСЫЛОВА
БҚО-да екі әйелді көлікпен қағып қашқан жүргізуші ұсталды
227
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Батыс Қазақстан облысында түнде екі әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан жасырынған жүргізуші қолға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 8 қыркүйекте сағат 23:00 шамасында Круглоозерное ауылында болған. Әлеуметтік желіде қайғылы жағдайдың видеосы тарады. Видеодан қараңғы уақытта жылдамдықпен келген көліктің екі жаяу жүргіншіні артынан соққанын көруге болады.

Мәліметтерге қарағанда, зардап шеккендер анасы мен қызы. Жол апаты салдарынан 31 жастағы келіншек алған жарақаттарынан көз жұмды. Ал оның анасы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шұғыл жетті. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің тұлғасы мен көліктің қайда тұрғаны тез арада анықталды.

Қазіргі таңда бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің барысын БҚО Полиция департаментінің басшылығы жеке бақылауына алды.

Войдите, чтобы оставить комментарий