"Бүкіл қазақ қыздарын жек көріп кеттім": Өктем Алтаев алғашқы махаббаты туралы халыққа жайып салды
Әнші әрі композитор Өктем Алтаев жас күніндегі жауапсыз махаббаты туралы сырымен бөлісті. Ол танымал әндерінің бірі дәл сол ғашық болған аруға арналғанын «Менің өмірім» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Өнерпаздың айтуынша, үйленемін деп жүрген сүйіктісінің басқа жігіті бар екенін кейін білген. Сол ауыр кезеңде ол «Не жаздым, жаным, саған?» атты жүрекжарды әнін жазған.
«Бұл әнді шынымен де күйзеліске түскен кезде жаздым. Мен біреуді жақсы көрсем, бар жүрегіммен беріле сүйетін адаммын. Бір қызбен танысып, бар махаббатымды соған арнадым. Болашаққа жоспар құрдық. Сөйтсем, оның оқып жүрген жерінде жігіті бар екен. Маған оны айтпаған. Үйлену туралы сөйлесіп, арада сенім де қалыптасқан еді. Ер адам ғой, «үйленеміз, балаларымыз болады» деп болашақты елестетесің. Бірақ ол “болмайды” дегенде төбемнен су құйғандай сезіндім. Өмірге деген құлшыныс та, адамдарға деген сенім де жоғалды. Жеңгелерім қыз туралы сөз қозғап қалса, «айтпа» деп жиіркенетінмін. Бір қыздың кесірінен бүкіл қазақ қыздарын жек көріп кеткендей күй кештім. 1–2 жыл қатты күйзелісте жүрдім», – деді әнші.
Өктем Алтаев бүгінде өзі ғашық болған қыздың бақытты екенін де атап өтті.
«Ол қыз бұл әннің өзіне арналғанын біледі. Құдайға шүкір, қазір бақытты. Тағдыр ғой… Әрине, сырттай байқап жүресің. Солай болды», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар