«Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма»: Тоқаев батыл шешім талап етті

02.06.2026 15:42 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма»: Тоқаев батыл шешім талап етті
84
Фото: Depositphotos.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Алатау қаласының дамуымен танысып, арнайы кеңесте инвесторларға қолайлы жағдай жасауды басты міндет ретінде бекітті, деп хабарлайды Politico.kz.

Президент жаңа шаһардың стратегиялық маңызына ерекше тоқталып, шетелдік капиталды тарту үшін жоғары деңгейде қызмет көрсету қажеттігін алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қаймықпай, жауапкершілікті өз мойнына алып, инвестициялық ахуалды жақсартуға міндетті.

«Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Қазір алдымызда тұрған жұмыс – аса маңызды: инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет. Ең алдымен халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берген жөн. Әсіресе, ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолданған абзал. Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма. Арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады. Шетел инвестициясын қорғау, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, шарттардың ашықтығын және мемлекет ұсынатын кепілдіктердің бұлжымастығын қамтамасыз ету – негізгі мәселе, кезек күттірмейтін міндет. Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көптеп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет. Бұл, әрине, өте ауқымды шаруа. Сондықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды», — деді Президент.

Жиын барысында Үкіметтің Алатау қаласын дамыту бойынша қолға алған нақты шаралары да талқыланды. Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қабылданып жатқан шешімдерді таныстырса, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады.

Войдите, чтобы оставить комментарий