«Бұрын дәл осылай бақытсыз болмаған ем»: Нұрғали Нүсіпжановтың жазбасы елді толқытты
Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялап, өмірден өткен енесін еске алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі жұбайы Жадыраның анасынан айырылғанына жеті ай толғанын айтып, оның қайғысы әлі де басылмағанын жеткізді. Әншінің сөзінше, жақынынан айырылған жанның жүрегіндегі сағыныш уақыт өткен сайын азаймай, керісінше тереңдей түседі.
«Анасынан айырылған күнді сағатына, тіпті минут-секундына дейін есінен шығара алар емес. Жеті айдан бері солай. Жан-жарымның кішкентай жүрегіндегі үлкен қайғысы ұлғаймаса, азаймай тұр», – деп жазды Нүсіпжанов.
Сондай-ақ ол марқұм ананың дүниеден өткеніне жеті ай өтсе де, қызының анасына деген сағынышы мен мұңы сейілмегенін атап өтті. Әнші өмірдегі ең ауыр сынақтардың бірі – ата-анадан айырылу екенін айтып, бұл қасіреттің орны ешқашан толмайтынын жеткізді.
Жазба соңында Нұрғали Нүсіпжанов жұбайының жан тебірентерлік сөздерін келтіріп, ата-ананы сағыну сезімінің қаншалықты ауыр екенін баяндады.
Өнер иесінің жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының көңілін толқытып, көпшілік марқұмның рухына дұға бағыштап, отбасы мүшелеріне сабыр тіледі.
Соңғы жаңалықтар