Астанада әзілкешке сахнадағы сөзі үшін айыппұл салынды
Астанада стендап-әртісі сахнадағы сөзі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаладағы мекемелердің бірінде өнер көрсету кезінде көрермендердің алдында балағат сөздер айтқан әзілкешке 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді.
Сот материалдарына сәйкес, әзілкештің өнер көрсету барысында әдепсіз сөздер қолданғаны анықталған. Оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту деп бағаланған.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізген. Сондай-ақ ол алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермейтінін айтып, жазаны айыппұлмен шектеуді сұраған.
Істегі құқық бұзушылық бейнежазба арқылы да расталған. Сот кінәсін мойындауы мен өкінуін ескеріп, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Айта кетейік, соттың 7 қарашада қаралған іс бойынша таратқан хабарламасында стендап-әртісінің аты-жөні жарияланбаған.
Соңғы жаңалықтар