Бұрынғы әкімнің үйінен 45 миллион теңге ұрланғаны хабарланды

Бұрынғы әкімнің үйінен 45 миллион теңге ұрланғаны хабарланды
Фото: gov.kz

Ақмола облысының Ақкөл қаласында бұрынғы әкім Анатолий Кривицкийдің үйіне ұрылар түсіп, шамамен 45 миллион теңгесін алып кеткен, деп жазады Politico.kz.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.

Журналистің мәліметінше, ұзақ жыл Ақкөл қаласының әкімі болған Анатолий Казимирович Кривицкийдің үйіне ұрылар терезе арқылы кірген. Құжаттарға қарағанда, олар бұрынғы шенеуніктің шамамен 45 миллион теңгесін қолды еткен.

Ақмола облысының Полиция департаменті ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын растады.

«Ақкөл қаласының тұрғынынан ақша ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, биыл 28 тамызда белгісіз адамдар жәбірленушінің үйіне кіріп, ірі көлемдегі ақшасын ұрлап кеткен», деп хабарлады полициядан тілшімізге.

Тәртіп сақшылары қылмысқа төрт адамның қатысы барын анықтаған. Олардың екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған екі күдіктіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Қазір қалған күдіктілерді ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», деп мәлімдеді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция ұрланған ақшаның нақты сомасын және күдіктілердің кім екенін әзірге жариялаған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу