Бұрынғы депутат ауыр халде жатыр: Бақытжан Базарбек жұрттан көмек сұрады
Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Бақытжан Базарбек VIII шақырылымдағы әріптесі, қазіргі уақытта ауыр дерттен кейін оңалу кезеңін бастан өткеріп жатқан Таңсауле Серіковтің жағдайын айтып, елге қызмет еткен азаматты қолдауға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, Таңсауле Серіков жыл басынан бері ауыр халде болып, комаға түскен және бірнеше күрделі отаны бастан өткерген. Ұзақ уақыт төсек тартып жатқан азамат бүгінде ғана есін жиып, Талғар қаласындағы клиникалардың бірінде ем қабылдап жатыр.
«Шынымды айтсам, Таңсауле жыл басынан бері денсаулығына байланысты үлкен қиындықтарды бастан өткеріп келеді. Комаға түскен кездері де болды. Бірнеше күрделі ота жасалып, ұзақ уақыт төсек тартып жатты. Енді ғана есін жиып, басын көтеріп, сауығу жолына түсе бастады», – деп жазды экс-депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бақытжан Базарбек әріптесінің Мәжіліс қабырғасындағы тынымсыз еңбегін ерекше атап өтті. Таңсауле Серіков депутат болған кезеңде ерекше қажеттіліктері бар жандардың құқықтарын қорғауға, инклюзивті орта құруға бағытталған маңызды мәселелерді тұрақты көтеріп келген.
Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға арналған кедергісіз әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру, құрылыс нысандарында тиісті жағдай жасау бойынша нақты ұсыныстар енгізді.
Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық ұйымдарын қолдау және мемлекеттік конкурстар барысында оларға нақты жеңілдіктер беру бастамасын көтерді.
Байланыс саласының білікті маманы ретінде цифрландыру мен коммуникацияға қатысты өзекті өзгерістерді батыл жеткізіп, белсенді ұстаным танытты.
«Қазір Таңсауле біздің қолдауымызға мұқтаж. Бірнеше отадан кейін оның емделуіне және оңалуына материалдық көмек керек болса да, Таңсауле бауырым айтпауға тырысуда. Бірақ мен сезіп отырмын. Бұрынғы депутаттар мен қазіргі Таңсаулені танитын әріптестер Талғарға жолы түссе, уақыт бөліп, көңілін сұрап қайтса игі іс болар еді. Ел үшін еңбек еткен азаматты қиындыққа тап болғанда жалғыз қалдырмайық!» – дейді Бақытжан Базарбек.
Сөз соңында экс-депутат ауыр халде, төсек тартып жатқан жақындар мен ел азаматтарына көңіл бөлу – үлкен адамгершіліктің белгісі екенін еске салып, қоғамды бір-біріне мейірімді, жанашыр болуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар