Бұрынғы дін қызметкері АҚШ-тың қудаланған адамдар тізіміне енді

09.03.2026 13:39 Әсел Мұрат
Бұрынғы дін қызметкері АҚШ-тың қудаланған адамдар тізіміне енді
97
Фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі мемлекеттік комиссиясы (USCIRF) діни мәртебесінен айырылған православ шіркеуінің бұрынғы қызметкері Иаков Воронцовты сеніміне байланысты қысым көрген адамдардың халықаралық тізіміне қосты, деп хабарлайды Politico.kz.

USCIRF ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Яков Воронцов өзінің діни қызметі мен жетекшілік рөлі үшін қудаланған. 2025 жылдың ақпан айында тіркелмеген православ шіркеуінің дін қызметкері Воронцов түнгі рейд барысында өз үйінде ұсталған. Сондай-ақ ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық түрде сынап, бұл әрекетті «христиандық қағидаларға қайшы» деп бағалаған.

Иаков Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталды. Алматы қаласының әкімшілік соты оны «есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс қолданды» деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады. 5 наурызда апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қазіргі дерекке сәйкес, Воронцов кемінде 23 сәуірге дейін қамауда болады.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің «Есірткі притонын ұстау» (302-бап) және «Есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау» (296-бап) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұған дейін полиция «есірткі притонын ұйымдастыру» дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.

Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Ол қамаудан жолдаған хатында айыптауларды өзінің саяси көзқарастарымен байланыстырып, істің саяси астары бар екенін айтқан.

Оның сөзінше, үйінде ешқашан есірткі притоны болмаған. Воронцовтың айтуынша, үйіне рухани қолдау мен кеңес іздеген адамдар ғана келіп жүрген. Олар бірге әңгімелесіп, дұға ету үшін жиналатын. Сондай-ақ ол үйінен табылды делінген ұнтақтың өзіне тиесілі емес екенін айтып, оны әдейі тастаған болуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, бұл әрекеттердің барлығы оны жазалау және беделін түсіру мақсатында жасалған.

Айта кетейік, Воронцов бұған дейін де саяси көзқарасын ашық білдіргеннен кейін қысым көргенін айтқан. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынап, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру идеясын көтерген болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий