Бұрынғы мәдениет министрі Асхат Оралов жаңа қызметке тағайындалды 

15.09.2026 10:59 Әсел МҰРАТ
Бұрынғы мәдениет министрі Асхат Оралов жаңа қызметке тағайындалды 
79
Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Әділет» партиясының басшылық құрамы айқындалды. Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары лауазымдарына тағайындалды.

 Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау мәселелеріне жетекшілік етеді. 

Асхат Оралов туралы

Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған, философия докторы ғылыми дәрежесіне ие. 

Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Мәдениет және спорт министрі, президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор қызметтерін атқарды. Тағайындауға дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағытқа жетекшілік етеді.

Нұрсұлтан Байтілесов туралы

Оның кәсіби қызметі сот жүйесімен тығыз байланысты. Ол аудандық сот маманынан бастап, Қазақстан Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті. Сондай-ақ Парламент мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды. Әр жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетте «құқықтану», «экономика» және «бизнес» мамандықтары бойынша білім алды.

Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жауап береді. 

Эльдар Жұмағазиев туралы

Ол Атырау мұнай және газ институтын, сондай-ақ Ресей президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдады. 

Әр жылдары Атырау облысындағы ішкі саясат саласында қызмет етіп, «Атырау-Ақпарат» КМК өңірлік медиахолдингін басқарған, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Партиялық жұмыста мол тәжірибесі бар.

Бұған дейін партия төрағасының орынбасарлары лауазымдарына коммуникация мәселелері жөнінде – Әлия Адамбаева, идеология бағыты бойынша – Ержан Жылқыбаев және цифрландыру мәселелері жөнінде – Қаныш Төлеушин тағайындалған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий