Чехия билігі БҚО бас полицейінің ата-анасына тиесілі үйді бұғаттан шығарды

11.09.2026 13:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Чехия билігі БҚО бас полицейінің ата-анасына тиесілі үйді бұғаттан шығарды
377
Фото: t.me/off_shores

Чехия билігі Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің ата анасына тиесілі жылжымайтын мүлікке салынған шектеуді алып тастады. Бұған дейін мүлік қарызға байланысты тәркіленуі мүмкін болған, деп жазды «Выход к морю» Telegram арнасы.

Арнаның мәліметінше, сөз ТМД Антитеррорлық орталығы басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Молдияр Оразалиев пен оның жұбайы Элла Оразалиеваға қатысты мүлік туралы болып отыр. Олар Арман Оразалиевтің ата анасы.

Дереккөз отбасы бірнеше жыл бойы Чех радиосына төленетін міндетті төлемді өтемегенін жазады. Соның салдарынан олардың жылжымайтын мүлкіне шектеу қойылған.

Арнаның мәліметінше, Элла Оразалиева мен оның ұлы Алдияр Оразалиев, яғни Арман Оразалиевтің інісі, Карловы Вары маңындағы Колова ауылынан жер телімін 2007 жылы сатып алған. Сол кезде Молдияр Оразалиев Қазақстан ІІМ аппаратында жұмыс істеген.

Аумағы 929 шаршы метр болатын жер «Колесо» кооперативінен алынған. Арна бұл кооперативті бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мұхтар Жәкішевтің туған ағасы, күштік құрылым өкілі Ермек Жәкішевпен байланыстырады.

Оразалиевтер отбасы үй мен жер теліміне тікелей емес, ALAN trade s.r.o. компаниясы арқылы иелік етеді.

Компания есептілігіне сәйкес, бұл жылжымайтын мүлік 5,7 млн чех кронына, шамамен €237 мыңға бағаланған. Арна бұл баға көптеген жыл бойы өзгермегенін атап өтеді. Жарияланым авторлары тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты оның нарықтық құны бұдан жоғары болуы мүмкін деп есептейді.

Арнаның жазуынша, ALAN trade s.r.o. компаниясының Чех радиосы алдындағы берешегі болған. Чех радиосы елдегі қоғамдық хабар тарату ұйымы саналады.

Чехияда радиоқабылдағыш иелері үшін міндетті төлем бар. Үйде кемінде бір радиоқабылдағыш бар деп автоматты түрде есептеледі.

Төлем көлемі айына 45 крона, шамамен €2. Бұл талап жеке тұлғаларға да, ұйымдарға да қолданылады.

Арнаның мәліметінше, мұндай төлемнен бас тартуға болады. Ол үшін радио пайдаланылмайтыны туралы өтініш беру жеткілікті. Мысалы, үй иесі есту қабілетінен айырылған, бұқаралық ақпарат құралдарын тыңдамайды немесе чех тілін білмейді деген негіз көрсетілуі мүмкін. Жарияланымда мұндай мәліметтің шынайылығы тексерілмейтіні айтылған.

Жиналған қаражат Чех радиосын қаржыландыруға жұмсалады. Арна бұл жүйе медиа қызметіне үкімет пен парламенттің араласуына жол бермеудің бір тетігі екенін жазады.

Дереккөздің мәліметінше, Чех радиосы борышкерлерге ұзақ уақыт қарызды өтеу туралы ескертіп, сотқа тек кейін жүгінеді.

Бұл жағдайда Чех радиосы 2017 жылы сотқа талап түсірген. Сол кезде берешек 5 762 кронаға, шамамен €240-қа жеткен.

Ай сайынғы 45 крона мөлшеріндегі төлемді есептегенде, бұл 10 жылдан астам уақытқа жиналған қарызға тең. Арна компанияның ашылған уақытына қарап, төлем фирма құрылған кезден бастап жүргізілмеген болуы мүмкін деп жазады.

Сот Чех радиосының талабын қанағаттандырып, компанияны қарызды өтеуге міндеттеген. Кейінірек оның мүлкіне де шектеу салынған.

Арна бұл жағдай Қарағанды облысының шенеунігі Мадина Ашироваға қатысты оқиғаға ұқсас сценариймен аяқталуы мүмкін болғанын жазады. Жарияланым мәліметінше, оның Чехиядағы пәтерін сот орындаушылары аз көлемдегі қарызға байланысты алып, кейін аукционда нарықтық бағасынан шамамен 2 есе арзанға сатқан.

Алайда ALAN trade s.r.o. компаниясының жаңа құжаттарына сүйенген арна Оразалиевтер отбасы Чех радиосы алдындағы берешекті өтегенін хабарлады. Осыдан кейін олардың жылжымайтын мүлкіне қойылған барлық ауыртпалық алынып тасталған.

Чехияда Қазақстан азаматтарына тиесілі жылжымайтын мүлік саны жөнінде нақты әрі ашық статистика жоқ.

«Выход к морю» арнасының жазуынша, түрлі агенттіктер қазақстандықтарды Чехиядағы ірі шетелдік инвесторлардың қатарына тұрақты түрде қосады. Олар негізінен Прага мен Карловы Вары қалаларынан пәтер, үй және қонақүй сатып алады.

Войдите, чтобы оставить комментарий