Дәрігерге шабуыл жасасаң, 12 жылға дейін сотталасың: Тоқаев заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заңға қол қойды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Аталған заң Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген түзетулерді қамтиды. Құжат президенттің медицина қызметкерлеріне күш қолдану мен қатыгездік танытқандарға жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленген.
Жаңа заңға сәйкес, медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұл норма олардың қызметтік міндетін атқару кезінде жасалған әрекеттерге қатысты қолданылады.
Зорлық-зомбылық көрсету қаупі үшін:
• 200–500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл немесе түзеу жұмыстары,
• 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс,
• екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза екі жылдан үш жылға дейін күшейтіледі.
Өмір мен денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану:
• 500–1000 АЕК айыппұл,
• 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық:
• 5 жылдан 10 жылға дейін,
• ауырлататын жағдайларда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыружазасымен жазаланады.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекске тиісті өзгерістер енгізіліп, бұл санаттағы қылмыстарды ішкі істер органдарының тергейтіні заң жүзінде бекітілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан бері елде медицина қызметкерлеріне жасалған 280-нен астам шабуыл тіркелген, оның 58-і биылғы жылдың үлесіне тиесілі.
Сонымен қатар мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бекітті.
Аталған заңның мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.
Соңғы жаңалықтар