«Дәрігерлер оны мас деп қабылдаған»: Оралда 58 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды

29.07.2026 10:40 Әсел МҰРАТ
«Дәрігерлер оны мас деп қабылдаған»: Оралда 58 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды
212
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Орал қаласында 58 жастағы ер адамның аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болуына байланысты оның ұлына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді. Сот медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар бұзушылық болғанын анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның ұлы әкесінің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті немесе әрекетсіздігі себеп болды деп есептеп, полицияға жүгінген. Алайда қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде заң бұзушылықтар анықталған.

Осыдан кейін марқұмның ұлы аурухана мен емдеуші дәрігерден моральдық зиянды өтеуді талап етіп, сотқа жүгінді.

Істі қараған Орал қаласының №2 соты науқастың медициналық көмекке бірнеше рет жүгінгенін анықтады. Алайда медицина қызметкерлері оның мас күйінде болғанын алға тартып, қажетті медициналық тексеру жүргізбеген. Бұл ретте науқастың ағзасындағы алкоголь деңгейіне қатысты зерттеу де жасалмаған.

Науқас Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына жүгінгеннен кейін ғана терапия бөліміне жатқызылған. Оған «ишемиялық инсульт» диагнозы қойылған. Дәрігерлер ем бастағанымен, ер адам келесі күні қайтыс болған.

Сотта прокурор талапты ішінара қанағаттандыруды сұрады. Ал аурухана өкілі оны мүлдем мойындамады.

Сот іс бойынша анықталған мән-жайлар мен ұсынылған дәлелдемелерді ескере отырып, медициналық көмектің уақтылы көрсетілмеуі науқастың өлімінің алдын алуға нақты мүмкіндік жоғалуына әкелді деген қорытындыға келді.

Сот сондай-ақ әкесінің қазасы талап қоюшыға ауыр моральдық зардап әкелгенін атап өтті. Медицина қызметкерлерінің анықталған бұзушылықтары оның бойында әділетсіздік, үмітсіздік, ашу-ыза және эмоционалдық күйзеліс сезімдерін туғызған.

Осыған байланысты сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, ауруханадан марқұмның ұлының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 4 млн теңге өндіріп алды.

Войдите, чтобы оставить комментарий