Демограф: Қазақстандықтар Еуропа әсерінен аз бала туып жатқан жоқ

04.09.2026 17:31 Томирис САҒЫНДЫҚ
Демограф: Қазақстандықтар Еуропа әсерінен аз бала туып жатқан жоқ
121
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Елдегі демографиялық үдерістер, соның ішінде халық санының өсуі, туу динамикасы мен отбасылық құрылымдардың өзгеруі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен тығыз байланысты. Paperlab зерттеу орталығының Making New Experts бағдарламасының түлегі, демограф Дарина Дәулетбектің айтуынша, туу көрсеткішінің төмендеуі мен неке-отбасы қатынастарындағы өзгерістер дербес құбылыс емес, жүргізіліп отырған саясат пен экономикалық факторлардың салдары болып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы маман «Жиза» подкастында әңгімеледі.

Демографиялық көрсеткіштер – бұрынғы оқиғалар мен экономикалық саясаттың жиынтық нәтижесі. Сарапшы еліміздегі демографиялық динамиканы талдай отырып, инфляция мен баспана қолжетімсіздігі сияқты факторлардың халықтың балалы болу шешіміне әсерін атап өтті.

«Кейде «міне, 20 миллионнан астық, ал енді не болады, ары қарай не істейміз, осы 20 миллионды ұстап тұрамыз ба, әлде бізге 30 немесе 50 миллион керек пе, елімізде жер жеткілікті ғой» деген сияқты қызықты пікірлер туындап жатады. Мен демограф ретінде демографияда болып жатқанның бәрі, яғни барлық механизм, өзгеріс, туу көрсеткіші, неке мен ажырасу сияқты үдерістердің бәрі салдар екенін айтқан болатынмын. Бұл — тарихта болған оқиғалардың (path dependence) немесе саясаткерлер жүргізіп отырған саясаттың салдары. Сонымен бірге экономиканың да ықпалы өте үлкен. Қазір Қазақстан экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Бұл әлемдік оқиғаларға да, ел ішіндегі белгілі бір үдерістерге де байланысты екені бәріне түсінікті. Инфляция жүріп жатыр, баспана қымбаттауда. Мұндай жағдайда туу көрсеткіші өседі деп күтуге болмайды. Яғни, біз көріп отырған туудың төмендеуі мен ажырасу процестері — жүргізіліп жатқан немесе, керісінше, жүргізілмей отырған экономикалық саясаттың салдары», — деді Дарина Дәулетбек.

Басты назарды демографиялық сандық көрсеткіштерден жастарды қолдау шараларына аудару қажет. Дарина Дәулетбектің пікірінше, елдегі туу көрсеткіші тұрақты деңгейде қалып отыр. Алайда негізгі басымдық жастарға қолайлы әлеуметтік жағдай жасауға бағытталуы тиіс.

«Бұл бізге керек пе, жоқ па?» деген сұрақ демографияда жалпы қате сұрақ деп ойлаймын. Тарихи трагедиялардан кейін теңгерімді қалпына келтіру қажет болғанын түсінемін. Міне, ол қалпына келтірілді, енді осыған сәл сабырмен қарауға болады. Экзистенциалды дағдарыс жоқ. Туу көрсеткіші әлі де жақсы дәрежеде және ол өседі. Енді баланы дүниеге әкелуден қорқатын жастарды қолдауға көшуіміз керек. Олар неге қорқады? Өте көп зерттеулер жүргізілді. Солардың бірін БҰҰ бөлімшелерінің бірі 14 елде өткізді. Өкінішке қарай, оған Қазақстан кірмей қалды, өйткені БҰҰ-ның біздегі дәл осы бөлімшесінде қаражат болмады. Осындай ауқымды зерттеулер жүргізетін ұйымдарға қаржы бөлу керек шығар. Онда өте көп адамға көптеген сұрақ қойылды, бірақ негізгісі үшеу болды: Өмір бойы қанша балалы болғыңыз келеді? Өмір бойы қанша балаңыз болады деп ойлайсыз? Неліктен? Бұл зерттеу өте керемет, себебі ол демограф ретінде мен үшін мемлекеттің «туу көрсеткіші батыстық құндылықтардың келуінен төмендеп жатыр» деген нарративіне қарсы өте күшті дәлел болды. Бұл зерттеу Батыста жүргізілді», — деді Дарина Дәулетбек.

Азаматтардың балалы болу ниеті мен қаржылық мүмкіндіктері арасында алшақтық бар. Әлеуметтанулық зерттеулердің мәліметтері азаматтардың бала сүюге ниетті екенін, бірақ экономикалық факторлар бұл жоспарларды жүзеге асыруға кедергі келтіретінін көрсетеді.

«Бұл жерде үлкен алшақтық бар: адамдар өз мүмкіндіктерінен де көп балалы болғысы келеді. Яғни, мәселе адамдардың қалауында емес, олар әлі де бала сүюді қалайды. Қазақстанда ҚСЗИ (Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты) ұқсас зерттеу жүргізді және осы мәліметтерді бергені үшін оларға өте алғыс айтамын. Мұнда да үлкен алшақтық бар. Қазақстандықтардың 40%-ы төрт немесе одан да көп балалы болғысы келеді. Бұған халықтың 20%-ының ғана мүмкіндігі жетеді. Осы жерде де үлкен алшақтық бар екенін көреміз. Бұл адамдардың бала сүйгісі келетінін, бірақ мүмкіндіктері жоқ екенін білдіреді. Неліктен? Ең алдымен — экономика, қаржылай жағдай. БҰҰ зерттеуінде де, ҚСЗИ зерттеуінде де қаржы мәселесі бірінші орында тұр. Адамдар баланы асырай алмаймыз ба деп алаңдайды. Мен оларды өте жақсы түсінемін. Өзім де қазір бала сүйетін жастамын. Білімім бар, қалада тұрамын, мәліметтерге қолжетімділігім бар және бұл мәселеге саналы түрде қараймын, соған қарамастан қаржылай жағынан қатты алаңдаймын. Орташа статистикалық тұрғыда мүмкіндігім жетіп тұрса да, бұл бәрібір қорқынышты, себебі үлкен жоспарлауды талап етеді. Жастар өте қатты уайымдайды және қорқады. Олар балалы болғысы келеді, бірақ қорықса, демек тиісті жағдай жасалмаған. Яғни, адамдар бала сүйетіндей жайлы орта елде кепілдендірілмеген. Сондықтан бұл жерде сұрақты жастарға да, зумерлерге да, жалпы халыққа да емес, осындай жайлы жағдайды қамтамасыз етуге міндетті мемлекетке қою керек», — деді демограф.

Войдите, чтобы оставить комментарий