Денсаулық сақтау министрлігінде шенеуніктер жазаланды

06.11.2025 16:10 Арман Ермеков
Денсаулық сақтау министрлігінде шенеуніктер жазаланды
0
1251
Фото: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігінің бірнеше басшысы жазаланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудиттен кейін Денсаулық сақтау министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың бірқатар лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Биыл Жоғары аудиторлық палата азаматтар мен ауруханаларды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету ісіне ауқымды тексеру жүргізген болатын. Тексеріс қорытындысы бұл салада айтарлықтай бұзушылықтар мен кемшіліктер бар екенін көрсетті.

Осыған орай, жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерге жауапты лауазымды тұлғаларды жазалауды тапсырды. Нәтижесінде, түрлі тәртіптік жаза алғандардың қатарында төмендегі тұлғалар бар:

  • ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры;
  • ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры;
  • ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті директорының орынбасары;
  • «Инфекцияға қарсы препараттардың ғылыми орталығының» директоры;
  • «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары;
  • «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, осы аудитке байланысты биыл 3 шілдедегі бұйрықпен «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының өкілеттігі де мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Бұл іс тек тәртіптік жазамен шектеліп қалмаған сыңайлы.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында құқық қорғау органдары «СК-Фармация» ЖШС мен фармацевтика саласындағы басқа да субъектілерде орын алған жымқыру фактілері бойынша қылмыстық тергеуді бастаған. Бұл істің қозғалуына Жоғары аудиторлық палата анықтаған дәл осы бұзушылықтар негіз болған. Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбенов осы деректер бойынша Бас прокуратураға сауал жолдаған еді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берген басқа да ұсынымдары мен тапсырмаларын орындау жұмыстары жалғасуда.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий