Депутат Розыбакиев көшесіне Шахановтың есімін беру туралы бастаманы қолдайтынын, бірақ асықпау керегін айтты
Депутат Бақытжан Базарбек Алматыда Розыбакиев көшесіне ақын Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы бастаманы қолдайтынын, десе де әзірге асықпау керегін айтты, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бақытжан Базарбек Мұхтар Шахановты ерекше құрметтейтінін және оның шығармашылығымен өсіп-өнгенін жеткізді.
«Мұндай тұлғаға бір емес, бірнеше көшенің атын беруге де болады. Бұл артық емес. Десе де бұл тақырыптың екі жағы бар. Алматылықтар көшелердің бұрынғы атауына үйреніп қалған. Тұрғындардың басым бөлігі әзірге атауды өзгертуге жаппай қолдау білдіріп отырған жоқ. Халықтың пікірін ескермей көше атауын өзгерту қоғамда түсінбеушілік туғызуы мүмкін», –деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар Алматыдағы Абдулла Розыбакиев көшесіне Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы петиция жариялады. Өтініш авторлары Шахановтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, мемлекеттік тілді қорғауға қосқан үлесін және Желтоқсан оқиғасын тарихи тұрғыдан ақтаудағы маңызды рөлін атап өткен. Бастаманы әзірге 54 мыңға жуық адам қолдаған. Ал 34 мыңға жуық адам қарсы қол қойған.
Кейін Алматы қалалық ішкі саясат департаментінің тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет қаладағы көшелердің біріне Мұхтар Шахановтың есімі берілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол ұсыныс комиссияға жіберілгенін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар