Депутаттыққа кандидат болған жаңаөзендік белсенді ұсталды

05.06.2026 13:42 Әсел МҰРАТ
Депутаттыққа кандидат болған жаңаөзендік белсенді ұсталды
184

Ақтауда азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің қалтасынан есірткі табылып, ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода қара киген арнайы жасақтың белсендіні ұстағаны көрінеді. Видеолардың бірінде белсендінің «Қалтама салып жіберді мыналар. Подстава жасап жатыр» деген сөзі естіледі. Ал жанындағы адам: «Мен саған қолымды да тигізбедім» деген сөзі естіледі.

Осы оқиғаға қатысты Маңғыстау облысы полиция департаменті түсініктеме берді.

«Полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Жаңаөзен қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде ер адамның жанынан аса ірі мөлшердегі есірткі заты табылып, тәркіленді. Сондай-ақ медициналық куәландыру нәтижесі ұсталған азаматтың есірткі заттарын қолданғанын растады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тексеру барысында ер адамның бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, мамыр айының ортасында әлеуметтік желілерде мүгедектер арбасындағы азаматқа күш көрсетілген видео жарияланып, кейбір қолданушылар кадрдағы адамның Мұратбай Жұмағалиев болуы мүмкін екенін жазған.

Кейіннен белсенді видеоүндеу жасап, жарияланған материалдың шынайылығына күмән келтірді. Оның айтуынша, бейнежазба жасанды интеллект арқылы жасалған болуы мүмкін.

Айта кетейік, Мұратбай Жұмағалиев – Жаңаөзен қаласындағы танымал азаматтық белсенділердің бірі. Ол 2011 жылғы мұнайшылар ереуіліне қатысқан. Кейін жаппай тәртіпсіздіктер ісі бойынша айыпталып, шартты жаза алған. Әр жылдары белсенді рұқсат етілмеген митингілерге қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2023 жылы ол бір мандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат болып түсіп, сайлауда Еділ Жаңбыршинге жол берген. 

Войдите, чтобы оставить комментарий