Димаш Құдайберген жаңа жобасымен Қазақстанды әлемге танытпақ
5 ақпанда Қытайдың Hunan TV телеарнасында халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы өтеді. Жобаның түсірілім жұмыстары толықтай Қазақстан аумағында жүргізіліп, елдің алты өңірін қамтыды, деп хабарлайды Politico.kz
Танымал әнші Димаш Құдайберген қытайлық Hunan TV телеарнасында жаңа халықаралық музыкалық жобаның тұсауы кесілетінін хабарлады.
Әншінің айтуынша, 5 ақпан күні оның атқарушы продюсер ретінде қатысуымен жүзеге асқан «Voice Beyond Horizon» атты жаңа музыкалық жобаның ресми таныстырылымы өтеді.
«Осыдан тоғыз жыл бұрын Hunan TV арнасындағы “Singer” жобасы менің әлемдік аудиторияға шығуыма жол ашты. Бүгін дәл осы арнада жаңа шоуды іске қоса отырып, мен әлемдік музыка кеңістігінде жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік бергім келеді», – деді Димаш.
Жобаға әртүрлі мемлекеттен келген сегіз вокалист қатысады. Димаштың сөзінше, ол қатысушылардың өнері мен көрермен эмоциялары арқылы Қазақстанды өзі сезінген болмысымен әлемге танытуды көздейді.
Әнші жаңа жобаның негізгі екі мақсаты бар екенін атап өтті: әлем жұртшылығын Қазақстанның мәдени кеңістігімен таныстыру; болашақта әлемдік деңгейде танылатын жаңа жұлдыздың үлкен сахнаға шығуына мүмкіндік жасау.
Сондай-ақ Димаш көпшілікті жобаның тұсаукесерін бірге тамашалауға шақырып, қолдаған жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Соңғы жаңалықтар