Дина Төлепберген: Түркістанда ерлер әйелін білімсіздік пен жұмыссыздықтан ұрады

21.08.2026 23:40 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дина Төлепберген: Түркістанда ерлер әйелін білімсіздік пен жұмыссыздықтан ұрады
39
Фото: instagram.com/dina_tolepbergen

Танымал тележурналист Дина Төлепберген Түркістан облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтергені үшін Парламент қабырғасында сынға ұшырағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғамдық резонанстан кейін тележобаға қатысты редакциялық саясат қатаңдатылған. Мұнымен қатар, тележүргізуші Түркістан облысында зорлық-зомбылықтың көптігіне және мұның себебіне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол "Замандас" подкастында әңгімеледі. 

Журналист өңірдегі зорлық-зомбылық көрсеткішінің жоғарылығына қарамастан, құрбандардың басым бөлігі полицияға жүгінбейтінін айтады.

«...Мен басқа қыздар осындай жағдайға ұшырамауы үшін осы туралы айтуға міндеттімін деп есептедім. Бірақ біз жобаны көрсеткенде, Парламентте де сөз сөйледі, депутаттар... неге екені белгісіз, бәріне қызық болды, бәрі көрді. Олардың басқа істейтін ісі жоқ сияқты. Кешіріңіз мені. Бағдарламаны жабуды да ұсынды. Мен бұл жағдайды шешуге көмектеседі деп қатты үміттендім, өйткені дәл зорлық-зомбылық бойынша Түркістанда көрсеткіш бәрінен жоғары. Сондай-ақ, қаншама әйел бұл туралы айтпайды да, полицияға бармайды да. Өйткені күйеуі ұрса, олар мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды», – деді Дина Төлепберген.

Төлепберген Түркістандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай – жұмыссыздық пен білім деңгейінің төмендігі тұрмыстық агрессияның негізгі драйверлері екенін атап өтті. Алайда, бұл жайтты жариялаған кезде депутаттар тарапынан сөз бостандығын шектеуге тырысушылық байқалған.

«Мен бұл мәселені білімсіздік және жұмыссыздықпен байланыстырамын. Осы екі фактор әсер етеді. Жұмысың жоқ болса, не істеріңді білмейсің. Еркектердің ашуы келеді. Және меніңше, олар осы ашуын шығару үшін өз әйелін құрбан етеді. Ашу-ызаны бір жерге шығару керек қой. Екіншісі – бұл білімсіздік. Білім алу, кітап оқу, одан әрі жетілу, өсу сияқты нәрселердің орнына... Осындайлар. Түркістанды құтқару керек. Маған өте ауыр тиеді. «Жерұйықтың бесігі Түркістан» деп жатырмыз, бірақ экономиканы көтеретін өндіріс жоқ, зауыттар жоқ. Адамдар не істейді? Бәрі тек базарда. Өкінішке орай, басқа мүлде жұмыс көріп тұрған жоқпын. Міне. Сол үшін мен ескерту алдым. Парламентте бұл туралы айта бастағанда, маған: – Дина, қарқынды бәсеңдету керек. Сөзіңді сұрыптап сөйлеші, өтінемін. Неге сен мұны көрсеттің? – деп айтты», – деді тележүргізуші.

Бұған дейін шығармашылық еркіндікке ие болған журналист, Түркістан оқиғасынан кейін телеарна басшылығы тарапынан жобаларды алдын ала тексеру механизмі енгізілгенін растады.

«Бұған дейін мені ешкім редакцияламады. Мен КТК телекомпаниясына, өз басшылығыма өте ризамын. Олар маған 100 пайыз сенді. «Бұлай істеуге болмайды» деп айтқан кез болған жоқ. Олар маған жетілуге және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берді. Бірақ осы жағдайдан кейін, әрине, маған әрбір жоба тексеріске жататынын айтты», – деді Дина Төлепберген.

Войдите, чтобы оставить комментарий