"Діндар болып көрінемін деп қорықты ма?". Бекболат Тілеухан Димаштың өз әнін қабылдамағанын айтты

07.08.2026 22:54 Томирис САҒЫНДЫҚ
65
Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash/

Қоғам қайраткері, дәстүрлі әнші әрі жыршы Бекболат Тілеухан өзінің авторлық туындыларының шығу тарихына тоқталып, ол әндерді отандық эстрада жұлдыздарының қайсысына ұсынғанын баяндап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Аман Тасығанның TalkLike подкастында айтты.

«Кейін «Алматыға» арнап өлең шығардым. Өйткені футбол ма, бірдеңе болды... «…Алматы туралы да бір ән керек қой» деп ойладым. Ішімде де осы ой жүрген еді. Шығармашылықта мен өзімді еш шектемеймін. Ойыма не келеді — соны істеймін. Егер сәл өзіңді тізгіндеп тартсаң, тұтығып қаласың. Сондықтан ойыма келгенді ірікпей істеймін. Сол кезде Алматы туралы өлең жазып отырып, ойыма рэп келді. Өлеңнің ортасына рэп қостық. Енді қазір «Бекболат рэп шығарыпты» десе күлетін де шығарсыздар. Бұл жай еркіндік қана емес, егер олай шығармасаң, іштегі зарпың шықпайды», — деді Бекболат Тілеухан.

Одан әрі өнер иесі жақын досы Ермек Аманшаев себепкер болған ерекше туындысының қалай өмірге келгенін де сыр етіп шертіп берді.

«Сосын, мысалы, тағы бір ән шықты. Оны қазір осы эфирді көріп, талып қалатын шығар, менің досым Ермек Аманшаев себеп болып еді. Өзі де білмейді, осыны бірінші рет естіп отыр. Анау бүкіл Түркия мен Африка айтып кетті ғой. Хас жүйрікте сын болмас деген. (...).  Осы өлеңнің қалай шыққанын айтып берейін. Шамамен 2008 жылы Ермек Аманшаев «Қазақфильмнің» басшысы болып тұрған еді. Есік алдында кездесіп қалғанымызда: «Бөке, бізде күшті декорация тұр. Қазір бекер жинап тастаймыз. Соған бір жырларың болса, видеоға түсіріп алайықшы. Ат та, декорация да дайын тұр» — деді. Шымкенттік Бауыржан деген каскадер жігіт те сонда жүр екен. Енді қараңыз, декорация деген қымбат нәрсе ғой, ал бұл жерде бәрі тегін дайын тұр: ат та, шапан да, каскадерлер де бар. Тек түсіріп алу керек. Содан тез арада өлең шығару қажет болды. Декорация үшін отырдым да, студияға барып, аузыма түскен сөздерді айта бастадым. Бір жарты сөзі Ақтан Керейұлынікі, бір жартысы халық сөзі, енді бір бөлігі Едіге батыр жырының нұсқасынан. (...). Сөйтіп клип түсіретін болдық. Бастапқыда ол клип өзіме ұнамады, сөйтіп жарыққа шықпай қалды», — деді қоғам қайраткері.

Бұдан бөлек, Бекболат Тілеухан эстрада жұлдыздары Мирас Жүгінісов пен Димаш Құдайбергенге ұсынған авторлық әндері жайлы да айта кетті.

«Бірақ «Алматы» туралы әнім негізі күшті. Оны Мирас Жүгінісов деген балаға беріп едім, хабарсыз кетті. Сосын Сәкенге беріп жатырмын. Жалпы, кейде ән жазғанда оны белгілі бір адамды елестетіп отырып шығарасың ғой. Мен «Көк тұман — алдыңдағы келер заманды» шығарғанда Димашты елестетіп шығарған едім. Бірақ оны көмекшісіне жібергенімде, әнді ұнатпады ма әлде діндар болып көрініп қалып, пәлеге қаламын деп ойлады ма, қабылдаған жоқ», — деді өнер иесі.

Войдите, чтобы оставить комментарий