Доллар 500 немесе 600 болады деу қате – экономист

29.05.2026 16:44 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Доллар 500 немесе 600 болады деу қате – экономист
84
Фото: Ұлттық экономика министрлігі
Экономист Ұлттық банк жұмысы мен дүрбелең себебін түсіндірді.

Ұлттық банктің міндеті күн сайын доллар бағамын болжап, халықты тыныштандыру емес, ал желідегі сауалнамалар нарықта негізсіз дүрбелең тудырады, деп мәлімдеді экономист Руслан Сұлтанов. 

Экономистің айтуынша, қоғамда реттеушінің коммуникациясы туралы жаңсақ пікір қалыптасқан. Көпшілік Ұлттық банк өкілдері шығып, ертеңгі валюта бағамын нақты айтуы керек деп санайды, алайда еркін айналым режимінде орталық банктер бұлай жұмыс істемейді.

«Реттеушінің басты міндеті нақты санды болжау немесе күн сайын құрғақ уәдемен жұртты тыныштандыру емес, әйтпесе нарық кезекті сөз жүзіндегі кепілдікті күтуге көшіп кетеді. Нағыз коммуникация дегеніміз базалық мөлшерлеме бойынша шешімнің себебін, инфляция мен тәуекелдерді, бағамға не әсер ететінін және алдағы экономикалық сценарийді толық түсіндіру», – деді Руслан Сұлтанов.

Соңғы жылдары Ұлттық банк үнемі есеп беріп, нарық қатысушыларының болжамдарын жариялап, жылына кемінде 8 рет баспасөз мәслихатын өткізіп жүргеніне қарамастан, адамдар нақты сараптамадан гөрі бәрі жақсы болады деген жалаң сөзді естігісі келеді. Сарапшы мұндай тәсілдің экономика заңдылықтарына мүлдем қайшы келетінін атап өтті.

Сонымен қатар ол халық арасындағы түрлі сауалнамаларға сілтеме жасап, соның негізінде доллар бағамына қатысты байлам жасаудың қате екенін ескертті. Кәсіби әлеуметтік зерттеулер нақты әдіснаманы, дұрыс сұрақтар мен әртүрлі топтарды қамтитын іріктеуді қажет етеді. Ал доллар ертең 700 болады деп үрейленіп отырған аудиторияның жауаптарын нарық көңіл-күйі ретінде ұсыну қоғамда одан сайын қорқыныш тудырады. Мұндай ақпаратты оқыған жұрт айқайлаған тақырыптарға алданып, жаппай шетел валютасын сатып алуға немесе депозиттерін шешіп алуға асығады.

«Осылайша нашар коммуникация туралы әңгімелердің өзі нарыққа қысым жасайтын құралға айналады. Бұл парадокс болғанымен, экономикада адамдардың күтуі мен болжамдары кейде нақты сандардан да маңыздырақ рөл атқарады», – деді экономист.

Войдите, чтобы оставить комментарий