Екі адам ұсталды: Алматы облысында 29 жастағы жігіттің мәйіті табылды
Алматы облысының Ұйғыр ауданында бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен 29 жастағы ер адамның мәйіті өзі жұмыс істейтін демалыс орнының маңынан табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы облыстық полиция департаменті редакциямызға бұл ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, 27 мамырда марқұмның анасы полицияға ұлының жұмысқа кетіп қайта оралмағаны туралы арыз түсіргеннен кейін тәртіп сақшылары іздестіру шараларын бастаған.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде марқұмның денесі өзі жұмыс істейтін демалыс орнының маңынан табылды. Алдын ала болжам бойынша, ер адам мен оның әріптестері арасында ішімдік ішу барысында жанжал шығып, салдарынан жәбірленушіге дене жарақаттары салынған. Кісі өлтіру және қылмысты жасыру деректері бойынша қылмыстық істер қозғалып, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді полициядан.
Сондай-ақ оқиға кезінде қастарында болған үшінші адамға қатысты нақты шешім тергеу қорытындысы бойынша қабылданатыны айтылды. Полиция қазіргі уақытта тергеу аясында оқиғаның қалай болғанын толық анықтау үшін барлық қажетті процестік іс-әрекеттер жасалып жатырғанын жеткізді.
Туыстары марқұмды өзімен бірге жұмыс істейтін қызметкерлері азаптап өлтіргенін алға тартады. Бұл туралы Threads желісінде өзін марқұмның қарындасымын деп таныстырған Ақбота Абдрахманова мәлімдеді. Оның айтуынша ағасы 23 мамырда жұмысқа кетіп, сол күйі үйіне оралмаған.
«2026 жылдың 23 мамырында ағамыз жұмысқа кетіп қайтып оралмады, біз оны бірнеше күн іздеп аман-есен табылады деп үміттендік, бірақ 27 мамырда оның мәйіті Ұйғыр ауданындағы Ulan Hot Spring Resort ыстық бұлақтарының маңында көмілген жерінен табылды. Оны өзімен бірге жұмыс істейтін қызметкерлер өлтірген. Түні бойы азаптаған», – деп жазды марқұмның туысы.
.jpg)
Соңғы жаңалықтар