«Асқазанын емдеді»: Қызылордада 14 жастағы қыздың өліміне ата-анасы дәрігерлерді кінәлады

14.10.2026 • 11:05 Мөлдір ҚАЙНАР
«Асқазанын емдеді»: Қызылордада 14 жастағы қыздың өліміне ата-анасы дәрігерлерді кінәлады
158
Фото: видеодан скриншот

Қызылордадағы балалар ауруханасында 14 жастағы Кәмшат Сераш есімді оқушы көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Қара жамылған отбасы ақхалаттылар қыздың жағдайын дұрыс бағаламай, миына қан құйылғанын дер кезінде анықтамады деп отыр.

Қайғылы жағдай биыл шілде айында басталған. Жеткіншектің басы сырқырап ауырып, тоқтаусыз құсқан соң, ата-анасы оны жедел жәрдеммен ауруханаға апарған. Алайда дәрігерлер науқастың асқазаны ауырған деп болжап, соған сай ем-дом жасаған. Сол түні жағдайы нашарлап, есінен танып қалған қыз жансақтау бөлімінде бір апта жатып, есін жимаған күйі қайтыс болған.

Кейін оған асқазан дерті емес, миына көп мөлшерде қан құйылуы себеп болғаны анықталды. Әкесі баланың дертін анықтауда уақыт оздырып алған дәрігерлердің салғырттығы өлімге әкелді деп есептейді.

«Неврология бөліміне жатқызылуы керек баланы гастроэнтерология бөліміне орналастырған. Ешқандай аппаратпен тексермеген. Қан көп мөлшерде құйылып, жағдайы үшінші сатыға жеткен кезде де құсуға қарсы дәрілер берген. Оның бәрі кері әсер етіп, инсультін асқындырып жіберген. Менің ойымша, бұл жерде балалар ауруханасының педиатр дәрігері кінәлі. Диагнозды дұрыс қоймаған», — дейді марқұмның әкесі Талғатбек Жұмабек.

Ата-анасы уақытылы дұрыс диагноз қойылғанда қыздарының аман қалуына мүмкіндік болар еді деп санайды. Қазіргі уақытта аурухана әкімшілігі бұл жайт бойынша нақты түсініктеме бермеген, ал отбасы қызының қазасына себепкер болған кінәлі мамандардың заң алдында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий